Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Мұғалімдер мен оқушылар үш тілді білім беру бағдарламасын қолдап отыр

AstanaTV
14.04.2016ж. 20:00
2503
Мұғалімдер мен оқушылар үш тілді білім беру бағдарламасын қолдап отыр

Павлодарда ағылшын тілін меңгергісі келетін мектеп мұғалімдерінің саны артқан. Өйткені алғаш рет үш тілді білім беру жүйесі осы Кереку өңірінде 2005 жылдан бастап тәжірибеге алынған еді. Бүгінде 65 мектеп үш тілді білім беруге көшкен. Тіпті математика, физика, химия сынды пәндер ағылшын тілінде жүргізіле бастаған. Әсемгүл Мұхитқызы жаңа бастаманың тиімділігін зерделеп, оқушылар мен мұғалімдер пікірін тыңдап келді. 

Бұл - физика пәні. Павлодардағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 7-ші сынып оқушылары тапсырманы ұстазымен ағылшын тілінде талқылап жатыр. Мұнда сабақ қазақ және ағылшын тілінде қатар жүргізіледі. Бұл әдіс оқушыларға да, мұғалімдерге де тілді жылдам меңгеруге көмектеседі.

Болат Қасымхан:

Маған үш тілде қатар үйрену жеңіл. Өйткені болашақта мен сол ағылшын тілінде басқа шет елде өзім физикадан білген білімімді сол жерде қорғай аламын.

Тілді үйренуде балалардың қабілеті өте жоғары,-деп санайды мектеп психологтары. Әсіресе, балабақша жасында. Сондықтан үштілділік жүйені бастауыш сыныптан енгізу тиімдірек. 

Айымгүл Құсайынова, мектеп психологы:

Егер де ерте жастан оқытыла басталса, ондай ешқандай қиындық  тумайды. Балалардың есте сақтауы, зейіндері үлкен адамдарға қарағанда өзгеше болғаннан кейін олардың тілді меңгеруге жеңілдеу.

Политілділік жүйеге көшуде кадр мәселесі өткір. Облыстық білім басқармасының ақпарынша, өңірде әмбебап мұғалімдер, шынымен де, тапшы. Сондықтан мамандарды қайта даярлау ісі қолға алынған.

Ғалия Жылқыбаева, Павлодар облыстық білім басқармасының бас маманы:

Бүгінде облыс бойынша 100-ден астам педагог екінші жоғары білім алу туралы шешім қабылдаған. Мәселен, ағылшын тілдерінің мамандары, математика, физика, химия пәндерінің мұғалімдері болып қосымша диплом алса, сол математика, химия, биология пәндерінің ұстаздары сабақты ағылшын тілінде еркін жүргізу үшін жаңа мамандықты қайта оқып жатыр.

Ал Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты нақты және жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытатын ұстаздарды әзірлеуге кіріскен. Былтыр 47 түлек диплом алса, биыл олардың саны 81-ге жеткен. Сарапшылардың пікірінше, көп тілді білім беру жүйесінің берері мол.

Айгүл Медешова, М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ факультет деканы:

Біріншіден, ақпаратты түпнұсқада алуға мүмкіндігі бар. Екіншіден, ғылыми бағытта бала өз мүмкіндіктерін шектемей пайдалануы мүмкін. Өйткені, қараңыз, ютубте шетелде ағылшын тілінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды көрсетіп жатады. Қалай жасап жатыр мұны? Ал біз мұны суретіне қарап емес, егер тілді білетін болсақ, еркін меңгеріп, біздің жағдайымызға қалай шешуге болады деген мәселені енгізуге болады.

Павлодар облысында үштілділік білім жүйесі 2005 жылы алғаш рет тәжірибе жүзінде енгізілді. Қазір мұндай мектептер саны екі есеге өскен. 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Бүгінгі таңда Павлодар облысының 65 мектебінде 373 мұғалім математика, экономика, химия, биология сынды пәндерді ағылшын тілінде үйретіп жатыр. Ал, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде білім алатын оқушылырдың саны қазіргі таңда 4 мыңнан асып түскен.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ