«Самұрық-Қазына» қорының штаты
соңғы 4 жылда 65% жаңарды. Басшылық құрамы 50 пайызға, ал қызметкерлер қатары
30 пайыздан артық өзгертілген. Компаниялар тобында 60 мың адам қысқартылған.
Бұл сандарды «Самұрық-Қазына» қорының ұйымдастыруымен өткен адам ресурстарын
басқару жөніндегі ХІ халықаралық конференцияда басқарма мүшесі Ұлан Тәжібаев
хабарлады.
Аталмыш конференция еңбек
нарығындағы өзекті трендтерді талқылауға және кадр саясатын дамытудың тиімді
жолдарын қарастыруға арналған дәстүрлі диалог алаңына айналды. Ұлан Тәжібаев
артық ресурстарды қолданбау - оңтайландырудың мақсаты, деп атап өтті. Қор
компанияларында лауазымдардың грейд негізінде бағалау жүйесі енгізілді. Грейд
жобасы еңбекті әділетті бағалау жүйесін қалыптастырудың негізін қалайды. Яғни сыйақы объективті өлшемдерге сай,
қызметкерлердің біліктілігіне, шеберлігіне және жауапкершілігіне орай
тағайындалады.
Ұлан Тәжібаев, «Самұрық-Қазына»
ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі басқарушы
директоры:
Қысқарту дегенде, кейбір
функциялар мүлдем жоқ. Кейбірі жаңа функцияларға қосылды. Соның ішінде көп
адамдар ауысып жатыр. Осыдан 1,5-2 жыл бұрын істеген адамдардың арасынан бестен
бірі қалған шығар. Қалғандары жаңарып жатыр.
Айгүл ӘДЕПБАЙ