Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Түркиядағы әуежайда жойқын жарылыс орын алды, құрбан болғандар бар

AstanaTV
29.06.2016ж. 20:00
2310
Түркиядағы әуежайда жойқын жарылыс орын алды, құрбан болғандар бар

Қырық бір адамның өмірі қиылды. Екі жүзден астамы жараланған. Ыстамбұлдағы ең ірі әуежайда болған террорлық шабуыл Түрік еліне  қасірет әкелді. Қатарынан болған бірнеше жарылыс пен атысты мыңдаған жолаушы өз көздерімен көрген. Алдын ала мәліметке сай, қанды қырғынды үш жанкешті ұйымдастырған. Лаңкестік әрекетті ДАИШ содырлары өз мойнына алды. Сыртқы істер министрлігі зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ екенін хабарлады. «Ататүрік» әуежайында болған жарылыстың жай-жапсары туралы келесі бейнематериалда.  

Түркия уақытымен кешкі сағат ондар шамасы, әуежай ығы-жығы жолаушыларға толы. Кенеттен тарс ете түскен жарылыс елдің зәре құтын қашырды. Сұмдық жағдай мұнан кейін де қайталанды. Бірінен соң бірі болған жарылысты "жанкешті белдігін" тағынып, Калашников автоматын асынған үш содыр жасады деген мәлімет айтылуда. Түрік полициясы оларды бірінші тексеріс бекетінде ақ анықтаған. Сол жерде атыс басталып, іле-шала содырлар өз-өздерін жарып жібереді. 

Осман Учар, куәгер:

Жүктерімді қолыма алған бетім сол ақ еді, тарс еткен дыбыс естілді. Полиция бәрімізге жерге жатуды бұйырды. Содан атыс басталып кетті. Жарылыс дыбысы бірнеше рет естілді. Көптеген адам қаза болды.

Әуежайдағы жарылысты ДАИШ содырлары мойнына алды. Түркия билігі мұны бірден айтқан. Премьер-министр Бинали Йылдырым терактіден кейін ресми мәлімдеме жасады.

Бинали Йылдырым, Түркия премьер-министрі:

Зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Көбісінің халі ауыр  Арнайы қызметтің мәліметінше, бұл жарылыстарды тиым салынған ДАИШ ұйымдастырды.

Жергілікті ақпарат құралдары қаза болғандардың басым бөлігі Түркия азаматтары екенін жазады. Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, сол елдің екі азаматы опат болған. Абырой болғанда, құрбандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Мұны СІМ растап отыр. Тек жарылыс кезінде Ататүрік әуежайында болған 26 отандасымыз Ыстамбұлдағы консулдықтан көмек сұраған.

Әнуар Жайнақов, ҚР СІМ ресми өкілі:

Біздің консулдар оларға көмектесіп, кеше түнде қонақ үйге орналасуға көмектесті. Таңертең әуежайға жеткізіп салды. Жергілікті уақыт бойынша сағат 12-де олар Болгарияға ұшып кетті.

Лаңкестік шабуылдан кейін әуе компаниялары бірден сақтық шараларына көшті. Ыстамбұлға ұшатын рейстер тоқтатылған. Ал әуеге көтеріліп үлгерген «Аэрофлот», «Air Canada», «EgyptAir», «Alitalia» ұшақтары Анкара, Бурса, Измир мен Чорум қалаларына қарай бағыттарын өзгертуге мәжбүр болды. Қазақстандық «SCAT» пен «AIR ASTANA» да осылай еткен.

Виктория Ульянова, SCAT әуе компаниясының PR-менеджері:

Біздің компанияға қарасты рейс 28 маусымда Ақтаудан Ыстамбұлға ұшып шыққан еді. Әуежайға таяп қалғанда жарылыс болған. Ұшақ кері қайтып қосалқы аэродромға қонды. Бүгін сағат 7.45-те елге қарай ұшып шықты.

Тілек Әбдірахымов, «AIR ASTANA» әуе компаниясының қоғаммен байланыс менеджері:

«Эйр Астана» компаниясы осы  оқиғалардан кейін Түркияға ұшудан бас тартқан адамдарға билет құнын толығымен қайтарады. Немесе олардың билеттерінің ұшу күнін, бағыттарын айыппұлсыз ауыстыруға дайын.

Қазір «Ататүрік» әуежайы әдеттегідей жұмыс істеп тұр. Түркия - туристер көп келетін әлемдегі 6-шы ел. Экономикаға жылына жүздеген млрд табыс әкелетін бұл сала биыл тығырыққа тірелді. Су-24 әскери ұшағына қатысты туған даудың кесірінен Түркия ресейлік туристердің 90 пайызынан айырылғаны туралы ақпарат құралдары жарыса жазған еді. Күні кеше арадағы келеңсіз жайтке байланысты ел басшысы Режеп Ердоған Ресей президенті Путиннен кешірім сұраған еді.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ