Елімізде жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 9,9 пайызға өсті. Әсіресе, өсімдік майы, сүт өнімдері мен сиыр еті қымбаттаған. Мамандардың айтуынша, оның әртүрлі себебі бар. Ал халық күнделікті алатын заттардың қалта көтермейтінін айтып, алаңдайды. Қымбатшылық барлық өңірде бар.
Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Қызылорда да баға ырыққа бағынбай тұр. Мәселен, 80 теңгеден сатылған пияз 200 теңгеге, 180 теңгеден сатылған картоп 250 теңгеге қымбаттаған. Дегенмен, тұрғындардың сұранысы төмендеген жоқ. Ал бұған саудагерлердің айтар өз уәжі бар.
Жұмакүл ЖӘРІМБЕТОВА, САТУШЫ:
Біз үстіне 20-30 теңге қойып сатамыз. Оның өзі шірігімен кетіп қалады. Халық наразылық танытып жатыр неге қымбат деп. Келуі қымбат болып жатыр, берілуі қымбат болып жатыр. ең ар жағы пакеттің өзі қымбат қой мысалы үшін.
Облыста бағаны тұрақтандыру мақсатында 36 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр. Қордағы өнімді қалыптастыру мақсатында облыстық бюджеттен соңғы 3 жылда 3,4 млрд теңге бөлінген. Алайда бұның өзі бағаны реттеуге сеп болмай тұрған секілді. Себебі, тұрғындар күннен күнге шарықтаған баға қалтаны қағып тұр дейді.
БЛИЦ:
- Зейнетақымыз жетпейді. Дәріміз бар алатын. Әрине қымбатшылық болып жатыр. Күннен күнге бір магазинге барсаң өсіп жатыр бағасы бір күн былай ертеңіне қайтадан бір баға өседі. Тұрақты баға жоқ. Аз ақша алатындарға обал бала-шағасы барларға.
- Бүгін барсақ ертең ол баға жоқ. Мүлде 2 есеге көтеріліп кеткен. Бұрын 20 мыңға 15 күнге жететін азық-түлік алатынбыз. Қазір 20 мыңға 2-3 пакет.
Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Баға мың құбылып тұр. Айлығы шайлығына әзер жететін кейбір тұрғындар азық-түліктің өзін несиеге аламыз дейді. Ол аздай, қазір дәрі-дәрмек, қағаз, қалам да қымбат. Бірақ әйтеуір, әзірге тапшылық жоқ. Біздегі жағдай осындай. Ал солтүстіктегі базар бағамын әріптесім Абзал айтсын.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Қызылжарда азық-түлік бағасы жыл басынан бері орта есеппен 2 пайызға қымбаттаған. Қырыққабат пен жуаның бағасы 9-10 пайызға көтерілсе, қанттың құны бірден бір жарым есе шарықтады. Жеміс-жидектің де құны аспандап тұр, сондықтан кейбіреулер оны жеуден қалдық дейді.
БЛИЦ:
- Алма, апельсиннің құны 800 теңгеге дейін барады. Қыста оны мүлдем сатып алмаймын.
- Менің зейнетақым 70 мың теңге. Оның тең жартысы азық-түлікке кетеді. Ал мына қымбатшылықтан кейін қалай күн көретінімізді де білмеймін.
Бағаны тежеу үшін жергілікті билік биыл бақандай үш жарым миллиард теңге бөлген. Тұрақтандыру қоры азық-түліктің негізгі 19 түрімен қамтып отыр. Әлеуметтік корпорацияның тауарлары базар нарқына қарағанда 70 пайызға дейін арзан.
Данияр ИСАЕВ, СҚО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Тұрақтандыру қоры қоймада сақтаған 19 түрлі тауардың 15-ін біз теріскейлік шаруалардан сатып алдық. Мәселен, қырыққабаттың 650 тоннасын, пияздың 300 тоннасын және 450 тонна сәбіз. Ал қанттың 136 тоннасымен бізді азық-түлік келісім-шарт корпорациясы қамтамасыз етеді.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Сала мамандары аталған арзан азық-түліктің теріскей тұрғындарына шілде айына дейін жететінін айтады. Ал базардағы бағаның құбылуы заңдылық. Оның әртүрлі себебі бар дейді. Ол туралы толығырақ Бас қаладағы әріптесім Әділжан айтады.
Әділжан БЕРДІБЕКОВ, ТІЛШІ:
Бүгін азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі Мәжілісте талқыланды. Маусымдық қымбаттаудан басталған баға тұрақсыздығы әлемдегі геосаяси жағдаймен ұласып кетті дейді құзырлылар. Құны күрт қымбаттаған өнімдер қатарында өсімдік майы, сүт өнімдері мен сиыр еті бар.
Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:
Сүт өнімдерінің 60 проценті ішіндегі сырьенің бағасы. Ол да өсіп бара жатыр. Былтырғы жемнің бағасы, басқа да факторлар бар. Мысалы мына ресейден алып келетін упаковка да қымбаттап жатыр. Ол да өзінің әсерін беріп отыр.
Депутаттар министрге сұрақты қарша боратты. Бірақ ол сауалдарға ол күмілжіп, толық жауап бере алмады.
Еділ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Біріншіден, елдің азық-түлік балансы жасалды ма? Екіншіден, Үкіметте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жоспары бар ма? Үшіншіден, кәсіпкерлік пен бюджеттен басқа қандай жолдар бар бағаны ұстайтын? Осы сұрақтарға жауап бермедіңіз ғой. Біраз нәрсе айттыңыз, ішінде ештеңе жоқ. Сорпаның ішінде түйір жоқ.
Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:
Нақты жоспар қабылданды. 2-3 жылдың ішінде біз жаңағы 6 тағам бойынша импортқа тәуелділікті төмендетеміз. Баланс бар.
Әділжан БЕРДІБЕКОВ, ТІЛШІ:
Министрдің айтуынша, еліміздегі 127 көтерме және бөлшек сауда базарында бағаны бақылауға арналған тексеру басталған. Азық-түлік бағасын 15 пайыздық межеден өсірмей ұстап тұру үшін, тіпті аудан орталықтарында да тексеру жүреді дейді. Сондай-ақ, ел арасындағы дүрлігуді пайдаланып, бағаны көтеретіндер де бар. Олардың да мәселесі мониторингтік топтардың көмегімен шешілмек.
Ә. Бердібеков, М. Тоқтасынқызы, А. Құрманкин