$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Шалғай ауыл тұрғындарының арызын «аманаттықтар» тыңдады

AstanaTV
11.04.2022ж. 20:00
1887
Шалғай ауыл тұрғындарының арызын «аманаттықтар» тыңдады

Түркістан облысында ағын су мен жайылым мәселесі -өзекті. Ордабасы ауданындағы Жеңіс ауылында былтыр сегіз шаруашылық  су тапшылығы салдарынан  еккен егінін алқапта қалдыруға мәжбүр болды.  Ал солтүстікқазақстандықтарды ауыз су сапасы мен жол жайы алаңдатады. Өңір үшін өзекті мәселелерді халық  "Amanat" партиясының қоғамдық  мобильді қабылдауына  келіп, жеткізді.  

Ауыл-аймақтағы ағайынның мұң-мұқтажын тыңдау үшін құрылған мобильді қоғамдық қабылдау мүшелері алдымен Ордабасы ауданы тұрғындарымен кездесті. Жеңіс ауылдық округі жұртшылығын ағын су мәселесі толғандырады.   Ауыл тұрғыны Әділбек Усмановтың айтуынша, елдімекендегі  каналдың аумағын кеңейту керек. Жарты ғасырдан бері күрделі жөндеу көрмеді, дейді.   

Әділбек УСМАНОВ, ЖЕҢІС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл арықтың су сыйымдылығы  2 мың куб текше метр секундына. Бірақ қазіргі сыйымдылығы -1400 литр. Ол деген сөз 600 литр су бізге бұл арыққа уже сыймайды. 113 шаруа қожалық бар бұл арықтың бойында. Былтыр 8 шаруашылық су іше алмай, мақтасы қурап, жүгерісі тастап, полядан шығып кетті.

Ауыл азаматтары егістік алқаптары жайылым есебінен ұлғайып жатқанын айтты. Бірақ суару жағы еш ескерілмеген. Салдарынан мал жаятын жер таппай тағы қиналып жүрміз дейді. Екі жарым мыңдай халқы бар Жеңіс ауылында мұнан да өзге мәселе жетеді. Ұялы байланыс, интернет нашар.  Жұрт көгілдір отынның игілігін де көре алмай отыр.   

Асқар ЖАҢАБЕКҰЛЫ, ЖЕҢІС АУЫЛДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Көршілес қатар жатқан он әкімшілікке қарайтын екі ауылға келіп тартылып жатыр. Біздің ауылға келуі қиын болып тұр, екі жерден трасса өтіп жатыр, бірақ проектный жұмыстар жүрген деп есітем..Бірақ қашан келетіні белгісіз.

 
Аманаттықтар бүгін сондай-ақ, Ордабасы, Отырар аудандарының  шалғайдағы бес ауылдық округі тұрғындарын қабылдады.  

Азамат БІРЖАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ақсақалдарымыз өзінің жеке мәселелерін ғана емес, ең бастысы ауылдың мәселесін көтеріп отыр. Бұл - ең жақсы дүние. Яғни бұрында егер жол болатын болса, бұрында егерде свет мәселесі болатын болса, қазір барлығы да аудан көлемінде шешіліп жатыр, облыс көлемінде шешіліп жатыр. Енді қалғаны республикалық көлемде шешілетін сұрақтар туындап отыр. Оны шешуге біз енді бел буып отырмыз.     
 
"AMANAT" партиясының өкілдері Солтүстік Қазақстан  облысы халқымен де қоғамдық қабылдаулар өткізуде.  Келлеровка ауылындағы кездесуде  жұрт   олар үшін сапалы ауыз су мәселесінің өзекті екенін және  шұрық-тесік жолдардың әбден мезі еткенін айтты.    

Сандуғаш БОРАНБАЕВА, КЕЛЛЕРОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Ауылдағы Қазан көшесінің жолы әбден тозған. Көктемде көлікпен  қоса адамдар да жаппай батпаққа батып жүреді. Биыл "Ауыл -ел бесігі" бағдарламасы аясында жолымыз дұрысталады дегенге сенеміз. Көшеге жарық бағаналарын  орнатса да артық болмайды. Әйтпесе, түнде жүру қиын.
   
Алия САДЫРБАЕВА, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Бүгін бізге қойылған сұрақтарды біз экология министрлігіне жолдаймыз. Мәселен, “Казводхоз” мекемесінің жұмысына қатысты көп мәселелер туындап отыр. Келлеровка ауылында 2500 тұрғын бар. Олардың 21-ғасырда ауыз сусыз отырғаны ойға сыйымсыз нәрсе.

 
Жетекші партия қолға алған қоғамдық қабылдау бүкіл елді қамтып отыр. Бүгінде 120 ауылда өткізілген кездесуде 1500- ден астам адамның шағымы тыңдалған.  1 айға жетпей өтініштердің 25%-ы оң шешімін тапты,- дейді ел аманатын арқалаған аманаттықтар.

А. Төребекқызы, А. Құрманкин