Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Павлодарлық диқандар «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясын сотқа берді

AstanaTV
12.04.2022ж. 20:00
1331
Павлодарлық диқандар «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясын сотқа берді
Павлодарлық диқандар «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясын сотқа берді. Бұған екі жақты келісімнің орындалмауы себеп болған.  Шаруалардың айтуынша, мемлекеттік орган 500 тонна майлы дақылды сатып алуға уағдаласып, кейін шарттағы міндетін орындамапты. Ал қамбадағы өнім шіріп кетуі мүмкін дейді. Соның салдарынан диқандар көктемгі егістік жұмыстарын   бастай алмай отырған көрінеді. Тараптардың тартысын әріптесім Өзгеріс Қуанар таразылады.

Сергей Юсин - майлы дақыл өсірумен айналысады. Өткен жылы алған өнімнің 500 тоннасын «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясына сатуға келіскен.  Алдын ала 500 млн. теңге де алыпты. Қалған  қаражатты олар желтоқсан айына дейін төлеуге келіскен. Бірақ, содан бері 4 ай өтсе де, қаржы әлі толық төленген жоқ дейді.  

Сергей ЮСИН, ДИҚАН:

Қазір көктемгі егін науқаны басталатын шақ. Жағар-жанармай мен жаңа тұқым сатып алуым қажет. Ол үшін қомақты қаражат керек. «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясы біздің жұмысымызға тұсау салып отыр. 4 айдан бері әрекет жоқ. Өздері қол қойған келісімшарт талаптарын орындағысы келмейді.

500 тонна майлы дақыл қамбада  тұр. Диқандар уақыт өткен сайын өнім шіріп кете ме  деп алаңдайды.   Онан бөлек күнбағыс дақылын элеваторда сақтағаны үшін де олар   ақы төлеп отыр. Ал өнімді сатуға аймақтың әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы   кепілдік берген көрінеді.  

Тимур АХМЕТОВ, «ПАВЛОДАР» ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:


«Красиловское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз міндеттемелерін атқарды деп санаймыз. Өнімді қабылдамай қойғанына кәсіпкер кінәлі емес. Ол келісім шарттағы талаптарды орындады.

"Азық-түлік келісімшарт" корпорациясынан бұл мәселеге қатысты жауап алу мүмкін болмады. Ондағылар ресми хат жолдауды сұрап отыр.  Ал диқан келісімшарт талаптарын орындамаған  корпорацияны  сотқа берді.

Ө. Қуанар