Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Қызылордалық кәсіпкер жүк көліктерін 2 айдан бері кедендік бақылаудан өткізе алмай жүр

AstanaTV
12.04.2022ж. 20:00
1766
Қызылордалық кәсіпкер жүк көліктерін 2 айдан бері кедендік бақылаудан өткізе алмай жүр

Қызылордалық кәсіпкер Ермек Сейіловке тиесілі 6 жүк көлігі  кедендік бақылау бекетінде қаңтарылып тұр. Айтуынша, екі ай бұрын ол Өзбекстаннан киім-кешек әкелген.   Кедендік бақылау қызметкерлері өзге елден жеткізілген тауарға қатысты заңсыздықтар бар деп, көліктерді қалаға кіргізбей, қамап қойған. Кәсіпкер ақпаннан бері осы  мәселені шеше алмай жүргенін айтады. Ал құзырлылардың уәжі қандай? Тараптарды тыңдаған тілшіміз Мөлдір Тоқтасынқызының бейнематериалы.

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жүк көліктерінің осында қаңтарылып тұрғанына 2 айға жуықтаған. Құлып салынғандықтан ішке кіру мүмкін болмады. Содан бері жүргізушілер көліктің ішінде амалсыз күнелтіп жатыр.

Ұлықбек Юсупов 6 жылдан бері жол үстінде жүрмін дейді. Жүк көлігімен тауар тасиды. Ақпан айында Қызылордаға киім-кешек әкелген. Ішінен заңсыз тауар шықты деп, көлігін қамап тастапты. Енді темір қоршауда тұрған көлігінде түнеп жүр.  
 
Ұлықбек ЮСУПОВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІ:

Бұл жерде ешқандай жағдай жоқ. Далада контейнердің қасында жуынамыз. Күнде ертеңмен, ешкім толыққанды жауап бермейді. Жалғыз кәсіпкер не істерін білмей жүгіріп жүр. Біз контрабандалық заттар әкелген жоқпыз. Көлікте тек киімдер ғана бар.
 
Шекара асып келген тауарлар  жеке кәсіпкер  Ермек Сейіловке  тиесілі. Ол кедендегі кедергі салдарынан 1 миллион теңге шығынға ұшырадым дейді.   Айтуынша, кейбір заттар құзырлы мекемеге ұсынылған тізімде болмай шыққан. Соған байланысты әкімшілік айыппұл салыпты. Алайда, артынша талаптарға сай, қайта құжаттандыру жүргізілді дейді. Бірақ сонда да жүк көліктерін неге әлі шығармай тұрғанын түсінбей дал.
   
Ермек СЕЙІЛОВ, КӘСІПКЕР:

6 фураға 3 декларация бердім қайтадан. Заңды декларация бердім. Енді сәуір айының 3 жұлдызынан бүгінгі күнге дейін ешқандай шешім шығарылған жоқ. Бүкіл талаптарын орындап тұрмын. Қосымша құн салығы төленіп тұр. Не себеп екенін білмеймін. Себеп, Нұр-Сүлтан қаласындағы электронды декларация орталығының мамандары кәсіби дайын емес.

Құзырлы мекеме басшылары кедендік бақылау электронды түрде жүргізілетінін айтады. 2018 жылы  іске қосылған базада ешқандай ақау жоқ дейді. Сондықтан кәсіпкердің уәжімен келіспейді. Ал жүк көліктерінің 2 ай қоймада қаңтарылып тұруын төлемдердің кеш жүргізілгендігімен байланыстырады.  

Мұхан ҚОЖАНБАЙ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚЫЗЫЛОРДА КЕДЕНДІК РӘСІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Кедендік төлемдер мен салықтардың ілеспе құжаттарда мәлімделмеген заттардың болуына байланысты көп уақыт алды. Оның біраз есебі барып толықтай мәлімделіп, бюджетке түспеген ақшалар кешіктірілген себебінен осындай шықпай қалды.   


Бүгін 6 көліктің төртеуі қоймадан шығарылған.  Қалғандарының да мәселесі көп кешікпей реттеледі дейді құзырлылар.
 
М. Тоқтасынқызы