Атырау облысындағы "Ойыл" өзеніндегі су соңғы 15 жылда болмаған деңгейге көтерілді. Осының салдарынан тасқын су Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылының шетіне тірелген. Жайылған суды ауылға "Миялы-Қарабау-Индер" тас жолы ғана бөгеп тұр. Жергілікті тұрғындардан маза қашты. Тасқын тас жолды бұзып, қызыл судың астында қаламыз ба деп қауіптенеді.
Қызыл су шегі жоқ айдынға айналған. Миялы ауылын қоршап тұр. Ойыл жанашыры Есенбай Нұров тас жолды бұзуды ұсынуда. Алайда аудан басшылығы оның қажеттілігі жоқтығын айтып, сөзіне құлақ аспаған. Есесіне бірнеше мотор арқылы тасқын суды жолдың екінші бетіне жөнелтуде. Көрші аудандардан қосымша мотопомка жеткізілген.
Есенбай НҰРОВ, ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қаншама дамбы соқса да, дамбы соғып үлгертпейді. Дамбы деп айтып жатқандары бос топырақ төгіп жатыр. Бес Камазбен. Ол мүмкін емес. Ол суға еріп кетеді. Миялыға су кіруіне санаулы сағаттар қалды деп есептеймін. Әрекетті мынау боп тұр ғой. Жолдың бойына 4 мотор қойып, су айдады. Атыраудан екі машина келіп. Миллиондаған текше метр тасқын суын мотормен айдап, жолдың екінші бетіне су айдайды деген, бұл деген - қожанасырдың әңгімесі деп есептеймін мен.
Тиісті мамандармен бірге ауыл тұрғындары жанұшыра бөгет салып жатыр. Атқамінердер аудан орталығын бірнеше ауылмен байланыстыратын тас жолды бұзудан басқа амал қалмағанын мойындады. Өйткені судың қарқыны дес берер емес.
Есмұхан ҚАЖКЕНОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ЖҰМЫЛДЫРУ ДАЯРЛЫҒЫ, АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Қазіргі кезде Ойыл өзенінің бойында гидропост орнатылмаған. Сондықтан күн сайын көпірдің астында белгі бар сонымен қарап отырмыз. Ол бір көтеріліп, бір түсіп отыр.
Б. Надірқызы