$538.57 €629.48 ₽6.71
×

«Жастар - болашақ энергиясы» деген атаумен үш күндік жазғы лагерь ұйымдастырылды

AstanaTV
29.06.2016ж. 20:00
«Жастар - болашақ энергиясы» деген атаумен үш күндік жазғы лагерь ұйымдастырылды

"Жастар - болашақ энергиясы". Осындай атаумен Астана қалалық «Жас Отан» жастар қанаты Зеренді демалыс аймағында жазғы лагерь ұйымдастырды. Көкшетау баурайындағы көрікті жерде 150-ге жуық белсенді жастар бас қосты. Түрлі тренингтер өткізіліп, ЭКСПО-ға дайындық мәселелері пысықталды.

Жастар жазғы демалысты бос өткізбей, болашаққа жоспар құру үшін жиналып отыр. Олар «Жастар саясаты» төңірегіндегі түйткілді мәселелерді талқылап, түрлі жобалар құруды көздейді.

Шара барысында белсенді жастарды біріктіру мақсатында түрлі тапсырмалар беріліп отырды. Бұлардың барлығы да командалық бірлікті қажет ететін ойындар. Көшбасшыларды анықтауға және кез келген игі істі топтаса отырып атқаруға бағытталған.

Осындай демалыс орындарына келуге әр жастың мүмкіндігі бар. «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі болу міндетті емес. Бастысы - белсенді болу, сонда әр ұйымның есігі ашылады.

Жазғы лагерь қатысушыларына арналған тренингтер әр алуан тақырыпты қамтыған. Оны Қазақстанның Тұңғыш Президенті жанындағы «Көшбасшылар академиясының» тәжірибелі жаттықтырушылары өткізді. Жастар заманауи әлеуметтік медианы пайдалану, қазақстандық интернет-сегмент жайлы дәрістерді де тыңдады. Сондай-ақ, шығармашылықты дамыту, шешендік өнер тақырыптарында шеберлік сабақтары өткізілді.

Ақнұр Бекназар, Қазақ технология және бизнес университетінің  студенті:

Бұл лагерь тек қана демалып қана қоймай, жазғы уақытта бізге үлкен оқу жағынан көп үлесін қосып жатыр. Семинарларда көптеген Астананың көшбасшыларынан сабақ алып жатырмыз. Бұл сабақтар бізге өмірде көп үлесін береді деген ойдамын.

Шыңғысхан Қожахметов, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының бірлескен хатшысы:

Бұл жерде екі жақты алмасу өте жақсы болып жатыр. Жастар бізге ертеңгі күнге деген көзқарасын жеткізіп отыр. Еркін ойлы, тұнық ойларын жеткізіп отыр. Біз жұмысшы жастар көбіміз отбасылымыз. Біз, мысалы, отбасылық тәжірибемізді, жұмыс барысындағы тәжірибемізді, содан кейін қандай бағытта уақыт үнемділігін пайдалану керек, жұмыста нендей нәрсеге қатты көңіл бөлу керек - сондай ақпарат берудеміз.

Ашық алаң форматында өткен шарада жастар қоғамдағы түрлі салалар бойынша ұсыныстарын жеткізді. Арнайы жобаларды ұсынғандар да табылды. Ұйымдастырушылар мұнда айтылған әрбір идея ескерусіз қалмайды деп отыр.

Серғазы Шақабаев, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» ЖҚ Астана қалалық филиалының төрағасы:

Жаңа көріп отырсақ, арасында белсенді жастар өз ой-пікірлерін айтып жатыр. Осы лагердің жалғасы, біздің ойымызша, қалалық форуммен жалғастырамыз. Себебі мына жерде айтылған ойлардың, көптеген идеялардың жүзеге асырылуы сол форумда Елордаға пайдасын алып келетін, жастарға пайда алып келетін идеяларды біз ары қарай дамытуымыз керек.

Бұл Астана қалалық «Жас Отан» жастар қанаты ұйымының мұндай форматта ұйымдастырған алғашқы іс-шарасы. Үш күнге созылған лагерьдің әр күні кешкі басқосуларға ұласып отырды. Еркін форматта жастар өз өнерлерін ортаға салуды да ұмыт қалдырмады.

Берік ХАСЕНОВ