Түркістан облысында жасөспірім құтырма дертінен көз жұмды. 14 жастағы баланың аяғын өткен жылдың мамырында қаңғыбас ит тістеген. Алайда ол кезде ауру белгілері байқалмаған, арада жылға жуық уақыт өткен соң дерт дендеген көрінеді. Ата-анасының сөзіне сүйенген дәрігерлер, олардың медициналық көмекке жүгінбей, өздері үйде емдеумен айналысқанын айтады. Тек сәуір айының басында ғана балада қорқыныш, үрей, температураның көтерілуі, сүйек қақсауы байқалып, емханаға қаралған. Ондағылар жасөспірімге сүйек ауруына қарсы емдеу тағайындапты. Соған қарамастан баланың жағдайы нашарлай берген. Құтыру белгілері анықталғаннан соң бірден аудандық ауруханаға жеткізілген. Бірақ арада бір тәулік өтпей бала көз жұмды. Дәрігерлер егер жасөспірімге дер кезінде ем-дом жасалғанда аман алып қалуға болар еді дейді. Мамандардың мәліметінше, ит тістегеннен кейінгі инкубациялық кезең 12-ден 100 күнге дейін созылады. Ал 1 жылға дейін созылуы сирек кездесетін жағдай дейді.
А. Төребекқызы