Қостанай облысындағы Қарақоға округінің тұрғындары да тас-талқаны шыққан жолдың азабын тартып отыр. Меңдіқара ауданындағы бұл округке 5 елдімекен кіреді.Шалғайдағы ауылдардың бәрі шекара шебінде орналасқан. Қатынасы қиын жақта азық-түлік, тұрмыстық заттар да қымбат. Өйткені тауар жеткізушілер жолдың нашарлығын сылтауратып сирек келетін көрінеді.
Ұзынағаш –бес ауылдың бірі. Аудан орталығынан 65 шақырым қашықта. Екі жыл бұрын жолдың 30 шақырымы жартылай жөнделіпті. Былтыр қаржы бөлінбегендіктен жұмыс тоқтапты. Ой-шұңқырды тұрғындар жыл сайын өз күштерімен бітеуге тырысады.
Мағзұм ӘБІШЕВ, ҰЗЫНАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Күл төгіп жатырмыз. Кейде құм төсейміз.2-3 күнде жел болса бұл ұшып кетеді бірақ. Жылда істейтініміз осы.
Манарбек ӘБДІРАХМАНОВ, ҰЗЫНАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қыс болса, қар өз алдында, жаз мінеки шұңқыр. Адам әрине ауырмай тұрмайды, бәріміз де пендеміз. Мына жолмен, қай кезде біз ауруханаға жетеміз. Техника сынбай тұра ма?
Кезінде 5 мыңнан аса тұрғыны бар ауылда қазір мыңға жуық адам қалған. Жол қатынасы қиын болғандықтан жұрт туған өлкеден жаппай көшіп жатыр.Қоғамдық көлік жүрмейді, жедел жәрдем келмейді. Тіпті нан жеткізетіндердің өзі аптасына бір-ақ рет қатынайды дейді.
Бақыт МЫРЗАҒАЛИЕВА, ҰЗЫНАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Нан таситын көлік келген сайын сынып кетеді. Міндетті түрде.Адамдар бір жетіге 10-15 бөлке нан алып қалып, мұздатқышқа қатырып қойып жейді.Ол рас, не істейміз енді біз.
Жолдың жағдайын аудан басшылары жақсы біледі. Бірақ оны жөндейін десе, жергілікті бюджеттің қаражаты жетпейді. Тиісті құжаттарды түгендеген олар енді облыстан қолдау күтіп отырғандарын айтады.
Николай ГУЛАКОВ, АУДАНДЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Біз дайындаған техникалық құжат автокөлік комитетінің ведомоствалық сараптамасынан өтті. Сосын осы жол аумағын 2023-25 жылдардағы басым бағытты бағдарламаға енгізу туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль басқармасына тапсырыс бердік. Әзірге жауап келген жоқ.
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Мамандар 30 шақырым жолды жөндеу үшін 2 миллиардқа жуық ақша керек дейді. Бұл қомақты қаражатты бөлуге аудандық бюджет қауқарсыз. Сондықтан биыл тек 5 шақырымы тегістелмек. Ал қалған бөліктің қашан жөнделетіні белгісіз.
З. Санай