Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қостанайлық зейнеткер сот орындаушыларды сотқа берді

AstanaTV
30.06.2016ж. 20:00
2618
Қостанайлық зейнеткер сот орындаушыларды сотқа берді

Қостанай тұрғыны Тілеген Тәкенов Әділет департаментімен соттасып жатыр. Зейнеткер АҚШ-қа сапары үзілгенін сот орындаушылардан көреді. Енді мемлекеттік мекеме тарапынан үш жүз мың теңгедей материалдық шығынын өндіріп алғысы келеді. Алайда департамент өкілдері талапкердің арызы негізсіз деп отыр. Заңғар Санай сабақтайды.

Тілеген Сұлтанұлы мамыр айында шетел асып, Америкада туған немересін маңдайынан иіскеп қайтпақ болыпты. Бірақ Астанадағы халықаралық әуежайдан кері қайтқан. Себебі зейнеткердің есімі шетелге шығуға тыйым салынған борышкерлер тізімнен табылыпты.

Тілеген Тәкенов, Қостанай қаласының тұрғыны:

Сол Астанаға барған соң шекарашылар жібермей қойды. Қарызың бар деп. Мен қайдағы қарыз деймін. Баяғыда төленген қарыз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Тілеген Тәкенов шынымен де берешек болған, бірақ  қарызын 2014 жылы толық төлегенін айтады. Алайда борышкерлер тізімінде оның аты-жөні биылғы мамыр айына дейін тұрған. АҚШ-қа тікұшақпен ұша алмаған қостанайлық қария Әділет департаментінен материалдық шығынды өндіру туралы талап-арыз түсіріпті.

Ләззат Байғожина, Қостанай облыстық сотының  баспасөз қызметкері:

Қостанай қалалық сотының шешімімен шетелге шыға алмаған азаматтың 246 мың теңге көлемінде материалдық шығынды сот орындаушылардан өндіру туралы талап-арызы қанағаттандырылды.

Департамент өкілдері талапкердің арызына байланысты апелляциялық шағым түсіреміз деп отыр. Өйткені борышкер тізімінде болған адамдар қарызын төлеген жағдайда, міндетті түрде сот орындаушыларға жолығып, түбіртекті көрсетуі керек екен.

Нұржігіт Панбаев, Қостанай облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары:

Төленген түбіртектің көшірмесі бізге жеткізілмеген. Сол себепті қалалық заңды және жек тұлғалармен жұмыс істеу бөлімінің сот орныдаушысы Көбекбаев Әділдің тарапынан 2015 жылы ақпан айында  шетелге шығуа шектеу қойылған борышкерлер тізімне енгізбек жайына қаулы шығарлыған. Бұл қаулы қалалық сотпен санкцияланған.

Заңғар Санай, тілші:

Әділет департаментінің басшылығы шетелге шыққысы келетін адамдар әуелі  борышкерлер тізімін қарап  алуға кеңес береді. Ол үшін министрліктің сайтына кіріп,  жеке сәйкестендіру нөміріңізді терсеңіз болғаны. Сіз туралы ақпар бірден экранға шығады.

Дегенмен бұл бірінші жағдай емес. Қалалық соттың шешіміне сәйкес Әділет департаменті тағы бір адамға жарты миллионан астам теңге материалдық  шығын өтеуге міндеттеліп отыр. Шетелде демалғысы келген  Қостанай  тұрғынының еш қарызы болмаған. Бірақ бірыңғай автоматтандырылған ақпараттар жүйесі жіберген қателіктің салдарынан, шетелде демалғысы келген турист Челябі жерінен кері қайтты. Енді Әділет департаменті оған 546 000 теңге көлемінде материалдық шығынды өтеп беруі тиіс.

Заңғар САНАЙ