Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Түркияда босанған жас ананың сақтандыру компаниясы аударған өтемақыға көңілі толмайды

AstanaTV
30.06.2016ж. 20:00
1614
Түркияда босанған жас ананың сақтандыру компаниясы аударған өтемақыға көңілі толмайды

Түркияда мерзімінен бұрын босанып қалған қазақстандық әйелге сақтандыру компаниясы бар шығынын өтемеген. Арнамызға сұхбат берген Елена Шевчукова осылай деп отыр. Оның айтуынша, аударылған өтемақы көлемі көрсетілген медициналық қызметтің үштен бір бөлігін ғана жабады.

Елена Шевчукова:

Клиника медициналық қызметі үшін бізден 2 жарым мың АҚШ валютасын талап етті. Бұған ауруханаға жеткізгені үшін алған 200 долларды қосыңыз. Бәрін есептесек, сома 800 мың теңгенің шамасында болып отыр. Алайда, сақтандыру компаниясы бар-жоғы 271 мың теңгені ғана аударған. Қай құжатқа сүйеніп есептегені белгісіз. 

Шакир Иминов, сақтандыру компаниясының атқарушы директоры:

Біз клиникамен хабарласып, қандай құжаттар қажет екенін білдік. Сөйтіп, алғашқы медициналық жәрдемге кеткен ақыны өтедік. Аударған сома 271 296 теңгені құрады.  Бұл жайт «оқыс оқиғаға» жатқызылды ма, жоқ па, ол жағын нақты айта алмаймын. Егер қандай да бір өзгеріс болса, қосымша қаражат төленері анық. Ал, нәрестеге өтемақы қарастырылмаған.

Еске салсақ, Түркияға туристік жолдамамен барған павлодарлық Елена Шевчукова жүктіліктің 24-ші аптасында ауруханаға түседі. Дәрігерлердің қарауынан кейін әйелді дереу босандырып алу туралы шешім қабылданған. Уақытынан үш ай бұрын туған шақалақтың салмағы - 750 грамм, ол 2-і келі болғанша арнайы қондырғыда жатады. Бұл қызметі үшін клиника отандастарымыздан қомақты қаржы талап еткен. Ал сақтандыру компаниясының заңгері заң бойынша бұл жайт «оқыс оқиға» санатына жатпайтынын мәлімдеді.