Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан балаларға 97 миллион теңге аударылды

AstanaTV
22.04.2022ж. 20:00
1468
Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан балаларға 97 миллион теңге аударылды

Қаңтар оқиғасы кезінде оқ  тиіп, ауыр жарақат алған екі баланың отбасына  қаржылай көмек берілді.   Бұл туралы "Қазақстан халқына" қорының баспасөз қызметі хабарлады. Зардап шеккен азаматтардың нақтыланған тізімі  бойынша төлемдер  жасалуда. Олардың арасында қайтыс болған 13 азаматтың отбасылары да бар. Зардап шеккендер үшін жалпы 97 миллион теңге қаралған. Бұдан бөлек, ел басына түскен ауыр кезеңде нағыз ерлік көрсеткен медицина қызметкерлеріне де мемлекет тарапынан өтемақы төленді. Атыс пен шабуылдың ортасында болған ақ халатты абзал жандар өз өмірлерін қатерге тігіп, өзгелердің өмірін сақтап қалды. Оларды бүгінгі күннің батыры деуге болады.

Кәкімбай Тәттібаев -Алматыдағы медициналық жедел жәрдем қызметінің көлік жүргізушісі.  "Қаңтар оқиғасы" кезінде алғы шепте болып, өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан кәсібін мүлтіксіз атқарған  бүгінгі күннің батыры. Қақтығыс кезінде шақырту өте көп болды дейді ол.  Айтуынша, жараланған полиция қызметкерлеріне көмекке келгенде көлікті лаңкестер қоршап алған. Сол сәтте бойды үрей мен қорқыныш биледі, дейді.

Кәкімбай ТӘТТІБАЕВ, "МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІ" КМК ЖҮРГІЗУШІСІ:


Машинаны ұрып, сындырды жанындағы терезелерін. Содан артқы есікті ашып, науқас түсіретін артқы есікті ашып газ лақтырды бізге. Сол кезде уақыты есімді жинап, газды далаға лақтырып, ішке кіргенін итеріп жіберіп, қашып кеттік.


Жаппай тәртіпсіздік кезінде оққа ұшқан, басы жарылған, пышақ жарақатынан зардап шеккендер көп болған. Жедел жәрдем шақырғандардың басым бөлігі осылай шағымданды, дейді станция қызметкері. Жұмыстың қауырт болғаны сонша, олар үйге қайтпай, неше күн бойы көз ілмей, үзіліссіз  жұмыс істеді.  

Меруерт ШОЖЫКОВА, "МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІ" КМК ФЕЛЬДШЕРІ:

Коменданттық сағат болды ғой мына жақпен жүрмеңіздер, былай жүріңіздер деп айтып отырдық рациямен. Бізге хабарлап отырды басшылар мына жақпен емес былай жүрсін деп. Қай жақты жауып отырды соны жедел айтып отырдық бәріне тез-тез. Қиын болды ғой 4-9-ына дейінгі жұмыста өте қатты стресте болдық.

Төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген Алматы қаласының барлық медицина қызметкеріне өтемақы төленген. Зардап шеккен сала мамандарына жарақатына қарай да қосымша ақы берілген.  

Қиындықтың бәрі артта қалды. Бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, әрбір іс майшаммен қаралуда. Мұны Мемлекет басшысы қатаң бақылауға алған.   

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз  мызғымас бірліктің арқасында  мемлекетімізді қорғап қалдық. Уақтылы және батыл шешім қабылдап, лаңкестерге тойтарыс бердік. Кешегі қатерлі күндерде Мемлекет басшысы ретінде  халыққа арнап  бірнеше  үндеу жасадым. Барлық жағдайды азаматтарымызға жан-жақты түсіндіріп,  жеткіздім. Әрбір шешімді еліміздің мүддесіне сай қабылдадым. Бұл – мен үшін бұлжымас ұстаным.


"Қаңтар оқиғасы" кезінде 230 адам қаза тапты.  Оның ішінде 19 әскери және күштік құрылымдар қызметкері бар. Алматыда  139  адам қайтыс болды.  Сондай-ақ қақтығысқа қатысқан 19 шетелдік ұсталған. Лаңкестердің арасында 19 деструктивті діни ағымдардың өкілі, 27 тыйым салынған экстремистік ұйымдардың белсендісі, 24 ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болғаны анықталды.

А. Данияр