Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Нұр Отан» партиясы МО филиалында демалыс лагерлерінің жетіспеушілігі талқыланды

AstanaTV
30.06.2016ж. 20:00
1784
«Нұр Отан» партиясы МО филиалында  демалыс лагерлерінің жетіспеушілігі талқыланды

Маңғыстау өңірінде балаларға арналған жазғы демалыс орындары жетіспей жатыр. Теңіз жағасында орналасқан облыстағы 100 мыңға жуық мектеп оқушысы өзге аймақта демалуға не жаз бойы үйлерінде отыруға мәжбүр.

Облыс бойынша 133 мектеп болса, соның тек 59-да ғана мектеп жанындағы лагерь ұйымдастырылған. Тіпті облыс орталығы Ақтау қаласындағы 30 шақты мектептің тек алтауында ғана күндізгі лагерь жұмыс істейді. Ал, қала сыртындағы жазғы демалыс орындарының саны бүкіл аймақта тек алтау ғана. Олардың өзі әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылар мен жетім балаларға арналған. Жаз бойы онда 12 мыңнан аса бала демалуы тиіс.

Айжақсы Тұржанова, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

1-10 сынып арасындағы бала саны 112 мыңнан астам. Оның ішінде аз қамтылған отбасы балалары санатты балаларға бірінші кезекте демалтуымыз керек, сауықтыруымыз керек. Түрлі жаздық шаралармен қамтуымыз керек.

Өңірде өткір тұрған мәселені "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалы жанындағы "Білім" сарапшылар комиссиясы жіті бақылауына алды. Өткен жылы екі демалыс орнының жабылуы аймақтағы балаларды жазғы демалыспен қамту жағдайын мүлде қиындатқан. Партияның сарапшылар тобы мыңдаған ата-ана балаларын жазда ақылы демалуға жіберуге дайын екенін айтып, облыста осы бағытта коммерциялық орындарды ашуға кәсіпкерлерді жұмылдыру қажет деп отыр.

Жақсыгүл Маханбетова, «Жастар жетістігі» ҚБ төрайымы:

Мүмкін жеке кәсіпкерлер осы бағытта бизнесін бастауға әзір шығар, бірақ ғимараттарының жоқтығынан тартынып отыр. Менің ойымша, мектеп әкімшілігі, жергілікті билік басшылары арнайы меморандумға қол қойып, облыстағы мектептерді жазғы лагерь үшін беруге рұқсат берсе, тиімді болар еді.

Берік ХАСЕНОВ