Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Әскерде қайтыс болған ақтаулық сарбаздың туыстары Қорғаныс министрлігімен соттаспақшы

AstanaTV
25.04.2022ж. 20:00
1536
Әскерде қайтыс болған ақтаулық сарбаздың туыстары Қорғаныс министрлігімен соттаспақшы

Әскерде жүріп қайтыс болған маңғыстаулық сарбаздың туыстары Қорғаныс министрлігін сотқа бермекші. Олар  Әлібек жазатайым қайтыс болды дегенге  сенбейтіндерін айтады. Өйткені, денесінде көгерген іздер бар, дейді. Дәлел үшін оны суретке де түсіріп алыпты. Бүгін Әлібек Қалбайдың  денесі жер қойнына тапсырылды. 18 жастағы жігіт Жамбыл облысы Қордай ауданындағы әскери бөлімге барғанына бір аптадай ғана уақыт болған көрінеді.  " Әскерге айыппұлдан қорыққандықтан, мәжбүрлі барды" дейді туыстары.   Әлібектің ауылдастары мен жақындары тергеудің әділ жүргізілуін сұрап Президентке  үндеу жолдады.  

Динара ТІЛЕСОВА, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:


Мәйітіне де кірдік баланы ұрған кәдімгідей. Камерада бар, оны түсіріп алдық өзімізге. Тергеуші толық ақпарат берген жоқ. Күдікті деді, ұрылған деді баланы, соның барлығын ертең сот сараптамасы бір айдан кейін шығады деді. Сол бір айдан кейін бізге не деп шығарып беретінін білмейміз.


Қорғаныс министрлігінің өкілі сарбаздың сапқа тұру кезінде өзін нашар сезініп, есінен танып қалғанын айтады. Медициналық көмек көрсетілгенімен, аман алып  қалу мүмкін болмады, дейді. Сөзінше, мүрдеге сот-медициналық сараптамасы тағайындалған.  Сонымен бірге, Әлібектің денесінде қаза болғанға дейін ешқандай жарақат, көгеру анықталмағанын жеткізді. Қазір аталған іс бойынша құзырлы орган тергеу жүргізіп жатыр.

Серік БОРАМБАЕВ, ҚР ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІ БАС ШТАБЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ - ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:


Әскери қызметшінің қаза болуы ісі бойынша тергеуді Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары жүргізіп жатыр, олар өз қызметтері бойынша тәуелсіз және Қорғаныс министрлігіне есеп бермейді. Бұл «тексерістің әділ және неғұрлым объективті» жүргізілуі үшін жасалған. Бұл жағдайды тексеріп, егер анықталса кінәлілерді тауып және жауапкершілікке тарту біз үшін «абырой» болар еді.


Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев қара жамылған отбасына көңіл айтты.  Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға сарбаздың  өліміне қатысты жан-жақты тексеріс жүргізуді  тапсырды.

А. Данияр