Қызылордада ашылған ТМД елдерінде теңдесі жоқ шыны зауытының игілігін ел әлі күнге көре алмай отыр. Былтыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында лентасы қиылған еді. Облыс әкімдігі сол кезде сәуірде алғашқы өнімді аламыз деп ақпарат таратқан болатын. Алайда, зауыт әлі іске қосылмаған. Себебін аймақтағы әріптесім анықтап көрді.
Іргетасы 10 жыл бұрын қаланған шыны зауытының тіршілігі биыл жанданғандай болып еді. Себебі былтыр 8 желтоқсанда шенеуніктер алаулатып, алғашқы отын жаққан болатын.
Сол кезде зауыт тәулігіне 600 тонна шыны шығарады деген жарнамасы жер жарған еді. Алайда, өндіріс орны әлі күнге сынық айна да шығармаған.
Болат ЖҰМАДІЛДАЕВ, ЖҰМЫСШЫ:
Дәнекерлеу жұмыстары ғой біздікі. Трубалары ғой біздікі. Суы бар, басқасы бар. Әлі қосылмаған ғой заводтың өзі. Енді қосып жатыр ғой, тоқтарын енді жалғап жатыр ғой бәрінің.
Тапсырыс беруші компания өкілдері де өндіріс орнының іске қосылмағандығын растап отыр. Олардың айтуынша, қаңтар оқиғасының салқыны зауытқа да тиген. Пешті қыздыратын құрылғыны уақытша өшіреміз дегенде, күйіп кеткен көрінеді.
Ержан САҒЫНБАЕВ, ЖШС ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАРАСЫ:
4 гарелкамен асықпай 3 ай қыздыруымызға болушы еді. Бірақ бір өшіріп, бір қосылғаннан кейін матор ғой. Ол өйткені кез келген жерден сатып алынатын зат емес. Оны арнайы жинайтын заттар пешке ғана арналған. Шілденің аяғында бірінші өніміміз шығады. Сенімді түрде айта аламыз. Тамыздың аяғына дейін сатамыз.
Алайда, зауыт ішінде түсірілім жасауға рұқсат бермеді. Дегенмен ашылмай жатып басы даудан арылмаған өндіріс орнының ел шарапатын биылдан қалмай көреді деп сендіріп отыр.
М. Тоқтасынқызы