Астанада
жыл басынан бері 23 бала терезеден құлаған. Статистиканың артқанын байқаған
дәрігерлер дабыл қағып отыр. Пластикалық терезе шығаратын компаниялар
қауіпсіздікті күшейткенімен, жарақат алған балалар саны азаймай тұр. Ал ақ
халаттылар жоғарғы қабаттан құлаған сәбилер көбіне мүгедек болып қалатынын
айтады. Белең алған проблеманы тілшіміз Абзал Құрманкин зерттеп көрді.
Екі
жасқа жаңа толған Әлтайр Кенжебек екінші қабаттан құлап түскен. Сәби құдай
сақтап, тірі қалды. Дәрігерлер баланың сынған сол аяғына гипс салып, қазір оны
операцияға дайындап жатыр.
Ақмарал
Онбаева, баланың әжесі:
Мына
кішкентай бала қасына барған кезде, үлкен бала әкесін көріп, терезенің ручкасын
бұрай салған ғой, сол кзеде терезе тез ашылған. Сол кезде москитная сеткамен
бірге құлап отыр ғой бұл бала. Сонда өзіңіз ойламайсыз ба, ана москитная сетка
сондай әлсіз, бір итергенді көтермейді.
Ақ
халаттылардың айтуынша, әйнектен көбінесе 1-6 жас аралығындағы балалар құлайды.
Есін білмеген балғындар жіптен тоқылған шыбын тордың осал екенін әлі түсінбесе
керек. Жәндіктерді тоқтататын ау әрі кетсе 5 келіні ұстауға қауқарлы. Ал 10
киллограммнан асатын 2-3 жасар бала сүйкенген кезде, шыбын торы шыдас бермейді,
әрине.
Жетілдірілмеген
терезенің кесірінен зардап шеккен балғындардың саны аз емес. Соңғы алтын айдың
ішінде тек Астананың өзінде көк тіреген ғимараттардың терезесінен 23 бала
құлаған. Статистиканың үлғаюын тәжірибелі дәрігер Жарылғасын Бектасов
ата-аналардың салғырттығынан көріп отыр.
Жарылғасын
Бектасов, Астана қалалық №2 балалар ауруханасы жарақат бөлімшесінің
меңгерушісі:
Содан
түскен балаларды санасақ, 23 болады биыл. Ал былтыр 20 бала болды. Міне солай.
Жылдан жылға өсіп келе жатыр бұл көрсеткіш. Тек қана әке-шешелеріне байланысты.
Бұндай жарақат тіпті болмауы да керек. Дұрыстап қараса, қауіпсіздікті сақтаса,
онда бәрі дұрыс болар еді.
Белең
алған құлау фактілеріне байланысты пластикалық терезелерді шығаратын
компаниялар түрлі қауіпсіздік шараларын қолға ала бастады. Кәсіпорындар өз
тұтынушыларына әйнек тұтқасын кілтпен жабу немесе жіп тарту сынды нұсқаларды
ұсынады.
Карина
Миллер, компания кеңесшісі:
Біз
қазір тұтқаларды құлыптау жүйесін стандартқа енгізуді қарастырып жатырмыз.
Демек, кілт барлық әйнектерге салынатын болады. Ал егер де бұл жаңашылдық
тұтынушыларға ұнамаса, олар терезенің сыртынан темір тор орната алады.
Мүгедек
балалардың қамымен айналысатын «Best for kids» қоғамдық бірлестігінің өкілі
Эмиль Әскеров бұның бәрі тиімсіз деп санайды. Ол қауіпсіз әйнектің өзіндік
үлгісін ұсынады.
Эмиль
Әскеров, «BEST FOR KIDS» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті:
Шыбын
торды ұстап тұратын бекітпелер пластиктен жасалған. Олар ауыр салмаққа
шыдамайды. Оны темірден жасау керек. Яғни шыбын торын мықтап бекіту керек. Ол
шамамен 15 келіге дейін ұстай алады. Мен бұл амалды пластик әйнектерді шығаратын
компанияларға жіберіп көрдім. Бірақ әзірге жауап болған жоқ.
Эмиль
Әскеровтың ұсынысына жергілікті компаниялар әлі құлақ асқан жоқ. Пластик
кәсіпорындары қосымша шығынды талап етпейтін жолды таңдаса керек. Ал пышаққа
түсетін Әлтайр Кенжебектің туғандары баланың аман қалуын тілеп отыр.
Абзал
ҚҰРМАНКИН