$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Құдық суына тамақ та істей алмаймыз",- тұрғын

AstanaTV
18.05.2022ж. 20:00
1566
"Құдық суына тамақ та істей алмаймыз",- тұрғын

Көшпелі қабылдау- көпшілікке жақындау. «AMANAT» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау  тобы шалғайдағы елдімекендерде жұмысын жалғастырып жатыр. Партия өкілдері мен түрлі басқарма басшылары алыстағы ауыл тұрғындарының талап-тілегін тыңдап, сан сауалдарына салмақты жауап берді. Ел күткен елеулі оқиға - конституциялық референдум жөнінде де ой-пікір айтылып,көпшілікке  оның маңызы түсіндірілді.

Алматы облысындағы  Сарыбұлақ, Жетіген, Қаражота   ауылдарында шешімін таппаған мәселелер бар. Соның бірі - денсаулық сақтау саласына қатысты.  Ауыл тұрғыны Мұхаметқали Шыныбайдың айтуынша,   елдімекен жұрты медициналық орталыққа зәру.

Мұхаметқали ШЫНЫБАЙ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАРАЖОТА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің ауылда амбулатория бар. Ол ескі бір бұрын үй болған совхоз кезіндегі. Соны кейін амбулатория жасады. Қыста барсаң ауырамыз. Жүрекке екі рет стенд салғызған адаммын. Жатасың су тастай, қанша көмір жағып жатса да жылымайды. Жұқа қабырғасы каркас. Ескі баяғы заманғы. Бір амбулатория салып берсе деген өтінішім бар.   

Көпшілік  көшені жарықтандыру, жаңа мектеп салу мәселесін де қозғады. Окург тұрғындары  референдумнан кейін бұл мәселелердің шешімін табатынына сенеді. Конституцияға енгізілетін  өзгерістерді  халық мүддесі  үшін жасалатын  игі қадамға балайды.  

Әлия САДЫРБАЕВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша елімізде референдум өткізу туралы жариялаған кезде, бізге көптеген сұрақтар түсе бастады. Сондықтан «AMANAT» партиясы Қазақстан заңгерлер одағымен бірлесіп мобильдік қоғамдық қабылдау шеңберінде «AMANAT сарапшысы» деп аталатын акцияны іске қосты. Қабылдауға келген тұрғындар референдумға қатысты  сұрақтарға еліміздің үздік заңгерлерінен жауап алды.
 
Қостанай облысындағы қоғамдық қабылдау кезінде  Федоров ауданына қарасты Первомай ауылының проблемалары көтерілді.   Ең шалғайдағы елдімекен тұрғындарын  жол, көгілдір отын, ауыз су   мәселелері толғандырады.

Алмас ӨМІРБАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Құдықтар тұзды боп кетті.Сол үшін бізге су өткізсе жақсы болар еді.Өйткені көбісі әр жерден су алып келеді.Шайға, тамақ істеуге.Ал былай ішуге, қолдануға келмейді.

Партияның сайлауалды бағдарламасын орындау аясында ауылға су құбырын тарту жұмыстары жуық арада басталады.Жолды жөндеуге де қаражат бөлініп, мердігер белгіленген. Енді  800-ге жуық тұрғыны бар округті көгілдір отынмен қамту мәселесі қарастырылып жатыр, дейді аудан әкімі. Өңірде  көтерілген кейбір өзекті мәселелер министрлік деңгейінде қарастырылмақ.

Азамат БІРЖАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүкіл аудандарда, ауылдарда біз жүргенде бұл мәселе көтеріліп жатыр.Дәріхана мәселелері. Шалғай ауылдарда дәріхана ашу бизнеске тиімді емес. Бұл жерде  екі фармацевт  ұстау керек.Орнын  жалға алу керек.Ал егерде ФАП-тарда жұмыс істейтін болса.Біз бұл сұрақты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде көтеретін боламыз.

Қоғамдық қабылдауға арыз емес, алғысын арқалап келген ауыл тұрғындары да  болды. Өткен жылы  Елена Черноустың қызының үйі өртеніп, күйеу баласы жан тапсырған. Сол кезде бізге партия қолдау көрсетті дейді ол.  

Елена ЧЕРНОУС, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
 
Партия өкілдері мен аудан басшылығы қиналған сәтімізде қол ұшын созып, көп көмек көрсетті. Жергілікті серіктестікпен келісе  отырып, үйсіз қалған қызыма баспана алып берді.Алғысымыз шексіз.

«AMANAT» өкілдері аймақтың алты ауылын аралап, тұрғындар түйткілін тыңдады. Қоғамдық қабылдауға мемлекеттік мекеме  басшыларымен қатар заңгерлер палатасының өкілдері қатысып,  ата заңға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды түсіндірді.

З. Санай, Ә. Лесбек