$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматы қаласының тұрғындары суды сатып алып отыр

AstanaTV
20.05.2022ж. 20:00
2502
Алматы қаласының тұрғындары суды сатып алып отыр

Алматы қаласындағы  Өжет ықшам ауданының тұрғындары суды бөтелкелеп, сатып алып ішіп отыр.  15 жылдан бері көрген күніміз осы дейді олар. Әкімдікке талай барып, табалдырықты тоздырған. Бірақ, нәтиже жоқ деп күйінеді.  Арнамызға хабарласып, шағымданған жұрттың жанайқайын тілшіміз Мөлдір Жақан жеткізеді.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Өжет ықшам ауданының тұрғындары ауыз су тапшылығынан да, әкімдіктің бос уәдесінен де әбден шаршаған. Айтуларынша, осыдан бірнеше жыл бұрын мердігер компания көшелерге құбырды да өткізіп қойған. Алайда су әлі де жоқ.


Қаланың қақ ортасында тұрып,  ішер суға жарымай отырғандарына тұрғындар ашулы. Бөтелкелеп, сатып алған су не болсын? Кейде тіпті оған да жағдайымыз келмей қалады дейді.   Төлеухан Асылханова  осында 16 жылдан бері тұрады. Сол кезден бері  бір қасық суға  сусап келеміз дейді.

Төлеухан АСЫЛХАНОВА, ӨЖЕТ ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Суымыз жоқ, канализациямыз жоқ. Өзім бірінші топ мүгедекпін. Жанымдағы көршім астматик. Жиенбаева және Рафиковада бір тал қасық су жоқ. Бұл масқара ғой, 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз.


Жамбыл ЕРМАХАНБЕТОВ, ӨЖЕТ ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үйде өзімнің бір тонналық бөшкем бар. Сонымен көтеріп қаладан су алып келемін. 3-4 көршім содан алып тасиды. Қалғандары қаладан әкеледі.  


Мұндағы үйлер кәріз жүйесіне де қосылмаған.   Жауын-шашын кезінде су деңгейі көтеріліп,  септикке жиналған лас су жер үстіне шығады дейді тұрғындар.

Мырзағали РАМАЗАНҰЛЫ, ӨЖЕТ ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Алматыдағы ең центрлі сауда орталығына тиіп тұрған жерде ауыз судың болмауы, канализацияның іске түспеуі, балалар ойнайтын алаңдардың болмауы және жаяу адамның көшелердегі жолы жасалмауы халықтың тұрмысына үлкен қиындықтар әкелуде.

Қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасындағылар аталмыш мәселеден хабардар екенін және тиісті жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді. Судың жоқтығына кәріз сорғы станциясының дайын еместігі себеп болып отырғанын айтады.

Айдын СЫЛБЫРБАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ЭНЕРГОТИІМДІЛІК ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ СУМЕН – ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Басқарма тапсырысымен бүгінгі күні кәріз сорғы станциясы жобалар дайындалуда. Олар биылғы жылы жұмыстарын бастайды. Судың жоқышылығы біріншіден «сигман» мердігер компанияның салған жұмыстарының ақауларын тексеріп жатырмыз, көптеген ақаулар бар.

Кәріз сорғы станциясының құрылысы, шамамен, 2023 жылы аяқталады. Станция жұмысы Өжеттен басқа да бірнеше ықшам ауданды кәріз жүйесімен қамтитын болады. Ал онан кейін су мәселесі де шешіледі дейді жауаптылар.

М. Жақан