Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Түркияда босанған әйел Денсаулық сақтау министрлігінен баласын елге қайтару мәселесін шешіп беруді сұрады

AstanaTV
04.07.2016ж. 20:00
2715
Түркияда босанған әйел Денсаулық сақтау министрлігінен баласын елге қайтару мәселесін шешіп беруді сұрады

Түркияда босанып қалған қазақстандық Елена Шевчукова Денсаулық сақтау министрлігінен көмек сұрап отыр. Демалыс күндері елге оралған отбасы баланы Түркияда қалдыруға мәжбүр болған. 750 грамм болып туған сәби арнайы құрылғыда жатыр. Дәрігерлер оның ширауына екі-үш ай қажет деп отыр. Медициналық қызмет ақысы тәулігіне 1 мың АҚШ долларын құрайды. Оған жас отбасының қалтасы көтермейді. Ал Қазақстанға арнайы ұшақпен жеткізілмесе, бала өміріне қауіпті.

Владимир Трощенко:

Ұлымды Анталиядан Қазақстанға әкелу үшін, арнайы ұшақ керек. Ұшақтың іші тиісті қондырғымен жабдықталып, нәрестені бақылап, ем-дом жасайтын дәрігерлері болуы шарт. Сұрап білдік. Бұл өте қымбат процедура екен. Өкінішке орай, мұндай қыруар ақша бізде жоқ. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі бізге қол ұшын берсе деген үміттеміз.

Ерлі-зайыптылардың айтуынша, олардың қайғысына бейжай қарамаған қазақстандықтар есеп-шоттарына ақша аударып жатыр. Бүгінде олар сақтандыру компаниясынан әйелге көрсетілген медициналық қызмет шығынын толық өндіру үшін құжаттарын әзірлеп жатыр. Бұған дейін фирма жәбірленушілердің шотына 271 мың теңге аударғанын айтқан болатынбыз. Бірақ бұл сома тиісті қаражаттың үштен бір бөлігін ғана құрайды. Әуелде клиника алғашқы жәрдем үшін 2 жарым мың АҚШ валютасын талап еткен. Кейін консулдықтың араласуымен сома 1500 долларға азайған.

Елена Шевчукова:

Дәрігерлер бұл жағдайдың «оқыс оқиға» екенін растады. Өйткені менің және баламның өміріне қауіп төнді. Сондықтан сақтандыру компаниясы клиника талап еткен қаржыны толықтай өтеуге міндетті. Шынын айтам, жүрегім Түркияда қалды. Ұлымды көрудің өзі арман болды ғой. 10 минутқа ғана кіргізетін. Менің басыма түскен жағдай барлық аналарға сабақ болсын. Жүктілік кезінде үйде отырған дұрыс.