Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Астанада Салидат Қайырбековамен қоштасу рәсімі болып өтті

AstanaTV
04.07.2016ж. 20:00
2661
Астанада Салидат Қайырбековамен қоштасу рәсімі болып өтті

Салидат Қайырбекова ақтық сапарға аттанды. Бұрынғы денсаулық сақтау министрімен қоштасу рәсіміне шенеуніктер, депутаттар, қоғам белсенділері мен әріптестері келді. Мемлекеттік хатшы марқұмның туыстарына Президенттің көңіл білдіру хабарламасын оқыды.

Бұған дейін ақпарат құралдары 54 жастағы Салидат Қайырбекованың инсультпен ауруханаға түскенін хабарлады. Ал кеше оның о дүниелік болғаны белгілі болды. Ол денсаулық сақтау саласына ірі реформалар енгізген тұлға ретінде ел есінде қалды. Марқұм бастаған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы әлі күнге дейін өз жемісін беріп келеді деп еске алды әріптестері.

Жақсылық Досқалиев, Республикалық трансплантация орталығының жетекшісі:

"Саламатты Қазақстан" бағдарламасын, мемлекеттік бағдарламаны бірге жасап едік. Ол аяғына дейін барлығын жасап, енгізіп, халықты риза қылып кетті деп айтуға болады. Мен ойлаймын, Салидат Зекенқызының аты да халықтың арасында да, дәрігерлер арасында да, қоғам арасында көпке дейін өшпейді деп.

Оралбай Әбдікәрімов, ҚР мемлекеттік қайраткері:

Еліне қалаулы болды, жаңа реформалардың басында болды денсаулық сақтау саласында. Бар жұмысы көз алдында. Өзінің бір қайсар мінезі болатын, намысы болатын. Жұмысқа тырысып, қалай болса да, осыны жақсартамын, түбіне жеткіземін деп, солай жұмыс істейтін.

Марқұмды жерлеу рәсімі ертең өзінің туған жері Қарағанды облысы Киевка ауылында өтеді. Салидат Қайырбекованың артында жалғыз қызы мен жолдасы қалды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ