Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Қызылордада жеке тұрғын үй салуға жер телімдері рәсімделе бастады

AstanaTV
04.07.2016ж. 20:00
3093
Қызылордада жеке тұрғын үй салуға жер телімдері рәсімделе бастады

Жеті мыңға жуық қызылордалық отбасы жаңадан бой көтеретін «Байтерек» мөлтек ауданына қоныстанады. Бүгін қала тұрғындарының алғашқы легі армандаған сегіз сотық жерге қол жеткізді. Инфрақұрылымдары жүргізіліп жатқан шағын ауданға жылдың аяғына дейін қырық мың тұрғын қоныс аудармақ. Бұл Астана күніне орай жасалған тарту. Тұрғын үй салу үшін жер телімдерін 2005 және 2006 жылдың қаңтар-ақпан айында кезекке тұрғандар ала алады. Шарипа Сақтапованың репортажы.

Тар, қапырық бөлмелер, көк талы жоқ аула, масаға толған жертөле. Бұлбұл Мақатаеваның отбасы үшін көпқабатты үйдегі тар пәтер енді артта қалмақ. Сегіз сотық жерге отбасы өздері армандаған бау-бақшасы, хауызы бар кең зәулім сарай салмақ. 11 жыл күткен жерге қол жеткізе алмаймыз ба деген күмәндары бүгін сейілді.

Бұлбұл Мақатаева, Қызылорда қаласының тұрғыны

Кезінде жер берілмейды деген сыбыстар да болған. Сол кезде күмән болған: беріле ме, берілмей ме деген. Міне, Құдайға шүкір, өзімде көп балалы анамын. Осы балаларымыздың несібесі шығар. Үй тұрғызамыз, бала-шағамызбен тұрамыз, биік шанырақ құрамыз.

Көк қағазын қолдарына бүгін жүзге жуық тұрғын алды. Жалпы жыл аяғына дейін «Бәйтректе» 6600 отбасы қоныстанады. Ол - 40 мыңға жуық адам. 

Серібай Оспанов, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Мына жерге бір мезетте алты мыңнан аса үй келейін деп жатыр екен. Қарап отсақ, бұл бір аудан ғой.

Сұлушаш Ахметова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Этаж үйде бала-шағаммен, немерелеріммен қысылып тұрып жатыр едік. Енді мынау кеңістік жерге келіп, мынау таза ауада өмір сүреміз деп қуанып жатырмыз.

Жаңа мөлтек ауданға Қызылорда -Жезқазған трассасынан 980 гектар жер бөлінген.

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:

2013 жылы айқындап, орналасқан жерін зерттедік, геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргіздік. 2014 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 234 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алдық. 

Ал инфрақұрылым тартып, орнатуға республикалық және жергілікті бюджеттерден 10 миллиардқа жуық қаражат бөлінген.

Ғалымжан Еркебай, қалалық жер қатынастары бөлімі бастығының міндетін атқарушы:

Қазіргі кезде бұл жерлерге 5,5 миллиард теңге Үкіметтен ақша бөлініп инфрақұрылымына, су, свет, жол, газ тартылып, жұмыстар жүргізілуде.

«Бәйтеректе» мектеп, балабақша, аурухана, диагностикалық орталық, стадион салу жоспары бар. Ал жер телімдерін алған азаматтар үш жылдың ішінде үй тұрғызбаса, сегіз сотықты үкіметке қайтаруға тура келеді.

Шарипа САҚТАПОВА