Мемлекет басшысы Қырғызстанға ресми сапармен барды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров алдымен Ала-Арча сарайында қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Қазақстан Президенті ортақ құндылықтардың арқасында бауырлас екі елдің ынтымақтастығы барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Былтыр өзара тауар айналымы 1 млрд долларға жуықтаған. Тараптар алда сауда көлемін 2 млрд долларға дейін арттыруға уағдаласты. Қасым-Жомарт Тоқаев су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестірудің маңыздылығына тоқталды. Әрі әлемдік экономиканың құбылмалы жағдайындағы ықпалдастықтың жаңа формаларына назар аударды. Екі ел делегаттарының қатысуымен 13 меморандумға қол қойылды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қырғыз бауырларға Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі аясындағы Қазақстанның бастамаларын қолдағаны үшін ризашылық білдіремін. Бүгінгі сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні анық. Уағдаластықтар мен келісімдер – соның айқын дәлелі. Енді соларды жүзеге асыруымыз керек.
А. Съезбек