Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

"Ауыл адамдары билікке мәселе айтып бара бермейді",-тұрғын

AstanaTV
30.05.2022ж. 20:00
943
"Ауыл адамдары билікке мәселе айтып бара бермейді",-тұрғын

«AMANAT» партиясының республикалық мобилді тобы еліміздің шалғай ауылдарын аралап, қоғамдық  қабылдау өткізуде. Сондай-ақ Қазақстан заңгерлер Одағының мамандары жұртшылыққа кеңес берді. Тұрғындарды әртүрлі мәселе толғандырады. Жайылымдық жер, ауыз су, ағын су және газдандыруды күтіп жүргендер көп. Елдімекендердегі түйткілдер туралы келесі бейнематериалда.   

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы  Қарақыстақ ауылдық округі тұрғындарын  жайылым жер мен ағын су мәселесі мазалайды.   Сонымен қатар осыдан 5 жыл бұрын бой көтерген балабақшаның ірге тасы сөгіліп, қабырғасының қақырап тұрғаны көпшілікті алаңдатып отыр.   

Бестай ҚАЛЫМБЕТОВ, КАМЕНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қоғамдық қабылдау деген өзімнің көңілімнен шығып тұр. Президентіміз өте дұрыс мәселе қойып, елмен барып жақын араласыңдар, көріңдер жеке қабылдаңдар сөйлесіңдер қандай сұрақтары бар екен деген. Ауыл адамдары бара бермейді ғой әр жерге кіре бермейді. Ішіндегі жүрген сұрақтары өздерімен қала береді. Сондықтан елге келгендері өте дұрыс.

Көшпелі қоғамдық қабылдау тобы  10 аудандағы 21 ауылдық округте кездесу өткізген. 51 елдімекен қамтылды. 80-нен астам азаматтың мәселесі оң шешімін тауып, 200 ден астам тұрғынға заң аясында түсініктемелер берілген.    

Азамат БІРЖАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


4 мыңға жуық өтініштер жинадық. Оның 24 пайызы яғни, жайылым жердің мәселелері. Барлық 4 мың өтініштің 22 пайызы оң шешілді. Әлі де шешіледі, өйткені бұл уақыт талап етеді. Ол мәселелер реестрға салынды. Енді партияның бақылауында болады.  

Ал Ақтөбе облысы Құрмансай ауылының тұрғындарын газ, ауыз су мен жолдың жайы мазалайды. Аудандық Ақтөбе-Мәртөк тас жолынан әрі қарай ауылға апаратын 25 шақырым жолдың тоз-тозы шыққан. Ал, су құбыры ауылға тартылғанымен, кейбір көшелерде құбыр өткізу жұмысы аяқсыз қалған.  

Жайылхан БЕКНАЗАРОВ, ҚҰРМАНСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Ауылымызға баратын жол өте нашар, жоқ деуге болады. Ол 25 км трасса ғой, қысы-жазы сол трассамен мучаться етеміз.  


Нұрия ӘДЕКОВА, ҚҰРМАНСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Газ болса, онда үйлер салынады. Қаладан кісілер көшіп келеді. Атыраудан, қаладан келіп, сұрап жатыр. Қазір бізде бос үйлер жоқ.

Мобильді қоғамдық қабылдау жүргізген мамандардың айтуынша, Құрмансай ауылына апаратын жолды қалпына келтіру жұмысы енді басталған. 28 шақырым көлік жолын орташа жөндеу үшін бюджеттен 340 миллион теңге бөлініп отыр. Құрылыс жұмыстары биыл тамыз айына дейін созылады. Ауылдың суы жоқ үйлеріне құбыр өткізу үшін 32 миллион теңге қарастырылған. Әкімдіктің ақпараты бойынша, бұл шаруа шілдеде аяқталуы керек. Ал, көгілдір отынды әлі 3-4 жыл күтуге тура келеді.

Ә. Бердібеков