Қарағанды қаласында жеке инвестиция тарту арқылы мектепке дейінгі мекемелер санын көбейту қолға алынды. Осы шараның нәтижесінде бүгін қалада жеке меншік балабақша ашылды. 75 орындық шағын мекеме бүлдіршіндер кезегі көп Октябрь ауданында іске
қосылды. Жергілікті кәсіпкер «Ақ бала» мекемесінің ғимараты мен жөндеу,
жабдықтау жұмыстарына барлығы 31 млн теңгеден астам қаражат құйған.
Жоба
«Бизнестің жол картасы» бағдарламасына енгізілді. Ата-аналар әрбір бүлдіршін
үшін 25 мың теңге төлеуі тиіс. Алайда, төлемақының жартысын мемлекет өтеп
береді. Облыстық білім басқармасы осылайша аймақтағы балабақша тапшылығын
азайтуды көздеп отыр. Өңірде 45 кәсіпкер осы іспен айналысуға тілек білдірген.
Бүгінде Қарағанды облысында 35 мың бүлдіршін кезекте тұр. Оның 24 мыңы қалада.
Айгүл
Демеубаева, Қарағанды қаласының тұрғыны:
Менің
бұрын балам барып жүрген балабақшасы «Баспалдақ» деп аталатын. Ол бізден 9
аялдама алыс. Жазда білінбейді, қыста қиындау болатын. Біздің осы ауданымызда
балабақша ашылып жатқанына өте қуаныштымыз. Әрине, балаларымыздың балабақшаға
барып, ой-өрістерінің дамығандары өте қажет деп ойлаймыз.
Дулат
Жекебаев, Қарағанды қалалық білім бөлімінің басшысы:
Әрбір
шағын ауданның бәрінде де кезек бар. Оның ішінде осы қала бойынша
Пришахтинск, сосын екінші Майқұдық. Барлық Майқұдық бойынша 2 мыңнан астам бала
бар өз кезегін күтіп тұрған. Әрине, бұл үлкен балабақша емес. 75 орындық. Бұл
деген 75 ата-ананың, 75 баланың, 75 жанұяның сұрағын шешеді деген сөз.
Айжан
ҚУАШ