Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

"Жаңа Қазақстанды" бәріміз бірге құрайық!", - Қ.Тоқаев

AstanaTV
03.06.2022ж. 20:00
1830
"Жаңа Қазақстанды" бәріміз бірге құрайық!", - Қ.Тоқаев

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, бүгін Қазақстан халқына бейнеүндеу жолдады. Ол 5 маусым күні өтетін жалпыұлттық референдум - мемлекеттің және бүкіл қоғамның болашағын айқындайтын жауапты сәт екенін атап өтті. Әрі азаматтарды ел тағдырына бей-жай қарамай, таңдау жасауда белсенді болуға шақырды.

Мемлекет басшысы биыл наурызда саяси жаңғырудың ауқымды бағдарламасын ұсынды. Ондағы мақсат – Қазақстандағы демократия деңгейін жетілдіріп, халық билігін кеңейту еді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған қол жеткізу үшін алдымен мемлекеттік басқару үлгісін түбегейлі өзгерту қажеттілігі туындағанын айтты. Сондықтан 33 түзетуді көздейтін Конституциялық реформа ел талқысына ұсынылып отыр.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қоғамда Конституциялық реформаға қатысты пікірлер көп айтылып жатыр. Оның ережелері Президенттің артықшылықтары мен өкілеттігін күшейтуге емес, билік тармақтары арасындағы үйлесімді және тепе-теңдік жүйені нығайтуға, барлық азаматтың мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға бағытталған. Бүкіл халықтың Конституцияға енгізілетін өзгерістерге қатысты ерікті таңдауы Жаңа, Әділетті Қазақстанның берік іргетасын қалайды. Біз бірлесе отырып, шын мәнінде, Жаңа Қазақстан құрамыз. Онда әлеуметтік әділдік жаңа қоғамдық келісімнің басты құндылығы және негізгі өзегі болады.


Қазіргідей құбылмалы геостратегиялық жағдайда күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін мызғымас бірлік керек. Президенттің пікірінше, әрбір азаматтың ортақ іске белсенді әрі саналы түрде қатысуы – шынайы демократияның көрінісі.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Алдағы референдум мемлекетімізді нығайтуға және қоғамды тың серпінмен дамытуға жол ашады. Мен әрбір азаматымызды ел тағдырын айқындайтын тарихи таңдау жасауға шақырамын. Бұл референдумда әр азаматтың дауысы – маңызды. Әрбір азамат тұтас ұлттың тағдырына, яғни тікелей өз тағдырына оң ықпал ете алады. Ендеше, 5 маусым күні өз таңдауымызды жасайық! Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге құрайық!

Референдум қазақстандықтардың саяси саналығын бағалауға мүмкіндік береді. Таңдау жасай отырып, жемқорлыққа, тамыр-таныстыққа, саясат пен экономикадағы монополияға батыл қарсы шығасыз, -деді Мемлекет басшысы. Дауыс беру барысын халықаралық бақылаушылар мен елдегі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қадағалайтын болады.

А. Съезбек