Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Елімізде жаңа дипломаттар тобы дайындалады - СІМ

AstanaTV
05.07.2016ж. 20:00
2098
Елімізде жаңа дипломаттар тобы дайындалады - СІМ

Елімізде жаңа дипломаттар тобы дайындалады. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы осындай міндет жүктеп отыр. Бұл жөнінде бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Сыртқы істер министрі мәлімдеді.

Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Біз жоғары органның Кауіпсіздік кеңесі айналысып келген барлық мәселелерді меңгеріп, бұған дейін бетпе бет келіп көрмеген кейбір жәйттерді үйренуге тиіспіз. Ұйымға мүше ел ретінде бұл басты міндетіміз. Маңызды мәселенің бірі - кадр дайындау. Қосымша дипломаттар тобын даярлаймыз, олар жұмысты сапалы, кәсіби деңгейде атқаратын азаматтардан жасақталады.

Министрдің мәлімдеуінше, кеңеске мүше өзге елдер секілді Қазақстан да өзі сайланған аймақтың проблемалары мен оларды шешу жолдарын ұсынады. Мемлекет басшысының "Əлем.ХХІ ғасыр" тарихи манифестіне сай, ядролық қарудан бас тарту, терроризмге қарсы күрес, тұрақты даму мен жаһандық қауіпсіздік идеяларын алға тартпақ.

Айта кетейік, Қазақстанды 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап  жаңа міндет күтіп тұр. Еліміз өткен аптада  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланды. Ұйымның мүшелерін сайлауда 193 елдің 138-і Қазақстанды қолдаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл қадамның тәуелсіздік алған 25 жыл ішіндегі ең маңызды, тарихи оқиға екенін айтты. 

Базаргүл ОТЫНШИЕВА