Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Юрий Ильин: Су электр станциясы энергетика министрлігіне берілуі керек

AstanaTV
05.07.2016ж. 20:00
3691
Юрий Ильин: Су электр станциясы энергетика министрлігіне берілуі керек

Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасындағы төтенше жағдайға жол бергендер жауапқа тартылады. Шығыс өңірге жұмыс сапарымен барған Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин осылай деп мәлімдеді.

Қазір су станциялары секундына 3 мың текше метр су тастайды. Павлодар облысындағы бірқатар ауыл шаруашылық жайылымдары мен су қоймасы жанындағы бақша шаруашылықтарын су басу деректері бар. Юрий Ильиннің айтуынша, алдағы 5 күнде су тастау мөлшері азаяды. Оның мәліметінше, төтенше жағдай Бұқтырманың суын бейсауат ағызудан туындады.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Су электр станцияларының төзімділігі жоғары. Әсіресе, Өскемен су қоймасы бірегей үлгіде салынған. Бұл жайттар гидротехникалық ғимараттардың бұзылу қаупі жоқ деп 100 пайыз сенімділікпен айтуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта су ресурстары басқармасы мен су электр станцияларын энергетика министрлігіне беру туралы ұсыныспен Үкімет алдына шығамыз.

Вице-министрдің су электр станцияларын Энергетика министрлігінің құзыретіне өткізу бастамасын көтеруі бекер емес. Юрий Ильиннің айтуынша, станцияларға бақылау жасап келген су инспекциясының міндеті сәл өзгеше. Сондықтан олар кейде үлкен судың салдарын дұрыс болжай алмайды. Қызыл судың алдын алу үшін Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі су қоймасындағы жағдайды жерден және әуеден қарап шыққан министрлік мамандары су деңгейі қуаттылығынан асса да, шыдас береді деген байлам жасады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ