Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Көлік мектебінде білім алатындардың қатары кеміді

AstanaTV
05.07.2016ж. 20:00
3795
Көлік мектебінде білім алатындардың қатары кеміді

Алматыдағы 55 көлік мектебінің тең жартысы жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Бұл туралы көлік мектебінің мамандары айтты. Өйткені осыдан 1 ай бұрын Ішкі істер министрлігі әуесқой жүргізуші куәлігін арнайы мектептерде оқымай-ақ алуға болатын заң енгізді. Есесіне куәлік алғысы келетіндер саны артқан. Алматыда бір айдың ішінде 159 өтініш берген. Бірақ әзірге соның тек үшеуі ғана көлік жүргізу құқығына ие болды. Тілшіміз Айгүл Ермахан сабақтайды.

Жол ережелерін жаттап, темір тұлпар тізгіндеуді өз бетімен үйренген жандардың бірі - Данияр Акчин. Жаңа бастама күшіне енгелі халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздырып жүр. Тиімді жүйені пайдаланып, жүргізу куәлігін алғысы-ақ келеді. Алайда бүгін теориялық сұрақтардан екінші рет сүрінді.

Данияр Акчин, Алматы қаласының тұрғыны:

Бірінші рет тапсырғанда дайындығым азырақ болды. Сұрақтар аса қиын емес. Бірақ неге екенін білмеймін, 40 сұрақтың жартысына да жете алмадым. Әлі бір мүмкіндігім бар. Ол кезде өтпесем, жарты жылдан кейін тағы тапсыра аламын. Сондықтан аса уайымдамаймын.

Бүгінде көлік тізгіндегісі келетіндер көбейген. Бастапқыда емтиханға күніне 2-3-еуі төбе көрсетсе, енді 15-ке жетті. Көбі  жастар. Бірақ білім жағынан нәтиже әзірге мардымсыз. 

Нұрлан Аманбек, қалалық ІІД әкімшілік полициясы тіркеу-емтихан бөлімі бастығының орынбасары:

Ағымдағы жылдың маусым айынан бастап, бізге тапсырыс берілген 159 өтініш түсті. Соның ішіндегі теориялық емтиханға 5 адам тапсырды. Практикалық емтиханға 3 адам тапсырды. Нәтижесінде  осы маусым айының аяғында 3 адам ғана  жүргізу куәлігін алды. Теориядан 3 рет тапсыруға болады. Және практикадан 3 рет. Одан тапсыра алмаса, ИНН бойынша 6 айға қайта дайындалуға жібереміз.

Заң күшіне енгелі арнайы көлік мектебінде білім алып, тәжірибе жинаған 600 адамның жартысына жуығы куәлік алған. Бірақ мамандар қазір сұраныс азайғанын айтады. Алматыда заңды тіркелген 55 көлік мектебі бар. Олардың жартысы жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр.

Мая Мамедова, көлік мектебінің директоры:

Бұрын 30 адамды оқытсақ, қазір 10 адам көлік жүргізуге дайындаймыз. Кейбірі тіпті азаматтарды шақыру үшін жеңілдіктер қарастырған. Бұндай бастама Ресейде болған. Бірақ нәтиже бермеді. Меніңше, уақыт өте келе адамдар өз бетінше көлікті жүргізе алмайтынын түсініп, арнайы мектептерде білім алуға қайта келеді. 

Айгүл Ермахан, тілші:

Арнайы көлік мектептерде екі жарым ай теория мен тәжірибені жетістірмегендер өздігінен көлік жүргізіп кетеді дегенге мамандар  сеніңкіремейді. Жаңа бастама арқылы бір жағынан уақытты, енді бір жағынан көлік мектебіне кететін ақша үнемделетіні рас. Тіпті қазір емтихан тапсыру үшін ақшаның қажеті жоқ. Бірақ көлік айдаудың қыр-сырын білетіндер, онсыз да өткір тұрған жолдағы қауіпсіздік проблемасын ушықтырып алмасақ болды, дейді.

Айгүл ЕРМАХАН