Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары өңірлерге жұмыс сапарымен барды

AstanaTV
05.07.2016ж. 20:00
2307
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары өңірлерге жұмыс сапарымен барды

Ұлт жоспарының жүзеге асырылуын бақылап жүрген бір топ депутаттар бүгін СҚО-дағы негізгі кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды аралады. «Нұр Отан» партиясының мүшелері ең алдымен Қызылжарда бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер мен балабақшалардың құрылыс алаңында болды. Сондай-ақ даму қарқыны таң қалдыратын «Казтехмаш» зауытының тынысымен танысты.

Былтыр ашылған өндіріс ошағы бастапқыда «Sampo Asia» комбайндарын жинаумен айналысса, қазір алпауыт кәсіпорын конвейерге К-704 тракторы мен азық дайындау техникасын қойған. Бүгінде зауыт 105 бірлік техника шығарыпты. Өндіріс ошағының тіпті өз тұтынушыларына арналған жеке қызмет көрсету орталығы бар. Енді олар бөлшектерді бояу цехын ашуды жоспарлап отыр. Зауыт жұмысшыларымен тілдескен нұротандықтар өнімнің сапасына мейілінше көңіл бөлу керектігін атап өтті. «Қазақстанда жасалған» атты брэнд шетел тауарларынан кем болмауы тиіс, дейді. 

Кәрібай Мұсырман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Сампо комбайны шығарылған финдермен бірлескен. Былтыр сынақтан ойдағыдай өтті деуге болады. Жұмысшылармен сөйлестік. Жұмысшылар көңілді, еңбекақылары жақсы. Диқандардың алдында ұятқа қалмаймыз деген сенімде. Жалпы, СҚО-да ауыл шаруашылығы машинасы өнеркәсібінің даму перспективасы жоғары екендігін білім отырмыз. 

Ал Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов жұмыс сапарымен Алматы облысына барып, құрылысы сағызша созылған 5 бірдей тұрғын үйдің проблемасымен танысты. Жобаға Қазақстандық ипотекалық компания атынан «Бәйтерек девелопмент» АҚ тапсырыс берген. Құрылысты мойнына алған «Ишидо энерджи» кәсіпорны баспананы былтыр қолданысқа беруі тиіс еді. Қос тарап соттасып, судья «мердігер компания 700 миллион теңгені қайтаруы керек» деген үкім кесті. Алайда, жобаны жүзеге асыруға жауапты кәсіпорын әлі өз міндетін орындамай келеді. 


Әбдіманап Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Бұл мәселені біз шешуіміз керек. Бақылауға алуымыз керек. Біздер қыркүйекте жұмысқа шыққаннан кейін, мен міндетті түрде Бас прокуратураға депутаттық сауалнама жіберемін. Бұның себебі неде, кім жауапты, неге біз осындай жағдайға жеттік дегендей. 

Абзал ҚҰРМАНКИН