Атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатындар 1 шілдеден бастап газды 20 пайыз жеңілдікпен алады. Бүгін министр Болат Ақшолақов осылай деп мәлімдеді. Газ қоры бойынша Қазақстан әлемде- 22 орында. Бірақ 2025 жылға қарай газ тапшылығы болуы мүмкін. Министр мәселені қалай шешпек? Толығырақ тілшіміз тарқатады.
Мәжіліске келген энергетика министрін депутаттар сұрақтың астына алды. Олар газ бағасына алаңдаулы. Көгілдір отынның болашағы, бағаны қалай ұстап тұратынын сұрады.
Елеу ҒАЛЫМЖАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Тиісті заңнамасын база болмаған жағдайда газ бағасының өсуін қалай ұстауға ниеттісіз? Қазақстанның газ өнеркәсібінің даму болашағы туралы айтатын болсақ, Ресейге салынған санкция еліміздің газ саласына қалай әсер етеді?
Министр Болат Ақшолақов, газ саласын дамытудың негізгі тежеуіш факторы бағаны ұстап тұру саясатына байланысты проблемалар бар екенін алға тартты. Осының салдарынан газдың тапшылығы болуы мүмкін екенін айтты.
Болат АҚШОЛАҚОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
Газ қоры бойынша Қазақстан әлемде 22 орында, ал ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін үшінші орында. Табиғи газды кеңінен пайдалану мүмкіндігін ескере отырып, әлемдік экономикада оның маңызы зор. Ел ішінде газ тұтыну тұрақты түрде өсіп келеді. 2017 жылдан бастап 2021 жылды қоса алғандағы кезеңде тұтыну 13,8-ден 18,6 млрд текше метрге дейін, яғни 4,8 млрд текше метр деңгейінде өсті. Газ тұтыну өсімі шамамен 35 пайызды немесе жыл сайын орта есеппен 7 пайызды құрады.
Ол ол ма. Келесі жылы Қазақстанда газ экспорты тоқтап қалуы мүмкін. Мамандар осындай мәлімдеме жасады. Өйткені аталған салада қордаланған мәселе көп деді. Тексеріс қорытындысы бойынша ұлттық компанияда анықталған заң бұзушылықтар туралы айтты.
Санжар ЖАРКЕШОВ, QAZAQGAZ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қазіргі кезде 937 млрд теңгеден астам сомаға делдалдық схемалар мен қаржылық заң бұзу деректері табылды. Оның ішінен 123 млрд теңгесіне қатысты қаржылық заң бұзу жағдайлары дәлелденді. Барлығын ашық айтуға дайынбыз. Проблема көп, шешуге тырысып жатырмыз.
Энергетика Министрі еліміздің Солтүстік мен Шығыс өңірлерде газ толығымен тартылуы үшін кемінде 5 жыл уақыт керек дейді. Болат Ақшолақов Мәжілісте өткен Үкімет сағатынан кейін БАҚ өкілдеріне берген жауабында жыл аяғына дейін сұйытылған газдың бағасы 2 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін екенін жеткізді.
Ә. Дүкембаева