Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Атырау облысында шалғын көбелек егістікке зиянын келтіріп отыр

AstanaTV
06.06.2022ж. 20:00
1572
Атырау облысында шалғын көбелек егістікке зиянын келтіріп отыр

Атырау облысында  шалғын көбелек  құрты қаптап барады. Зиянкес  жайылым түгілі, егінге бас қоюда. Несібесін жерден терген шаруалар  ерте көктемнен бел жазбай еккен егіннен айырылып қаламыз ба деп қорқып отыр. Шалғын көбелек құрты , әсіресе, Индер, Махамбет ауданы мен қала маңында көбейіп барады. Аймақ басшылығының дәрі-дәрмекті ұйымдастырып беруден басқа амалы жоқ. Өйткені зиянкестерді өңдеуге бюджеттен 1 тиын да бөлінбейді. Аймақтан-Базаргүл Нәдірқызы.  

Шалғын көбелек құрты Махамбет, Индер ауданы халқының зәресін алды. Жыбырлақ жәндік көк шөпті қойып,  үйдің қабырғасы мен терезесіне дейін  өрмелеуде. Әл берер емес.  Шаруалар  да басқа жұмыстың бәрін ысырып қойып, тек алқапты улаумен айналысуда. Бірақ нәтиже болмай тұр.

Сәбит БЕКНИЯЗОВ, ТРАКТОРШЫ:

Таңғы 3-ке дейін улап жатырмыз. Барамыз келеміз.  Қайта-қайта орнына келе береді. 20-10 заправка, 100 гектарға кетеді. Айналып келсек, қайта тап бола береді құр таусылмайды, шегі жоқ.

Шаруашылық агрономы  Айдос Байниязов  осыдан 20 күн бұрын өте көп көбелектің ұшып жүргенін көрген. Дернәсілден қайтадан көбелекке айналатын зиянкес тамыз айында егінге зардабын тигізе ме деп қорқады.

Айдос БАЙНИЯЗОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ АГРОНОМЫ:

Бір түпте екі мың десем өтірік болады да, мыңның үстінде бар. Егінді біз әрең ұстап отырмыз. Егін күні-түні у шашу айналдырып  у шашып, көк шөптерін жұлып тастадық. Мемлекеттен еш көмек болып жатқан жоқ, әзірге өзіміз. 3-4 күннің ішінде 75 литр уымыз кетті құртқа.


Шаруалардың жанайқайынан соң  тиісті мамандар   3400га аумақты зерттеп, оның  1250 гектарына  залал келгенін анықтаған.  Бірақ мұның өзі нақты емес дейді. Өйткені қауіпті зиянкес сәт сайын көбеюде.  Шаруалар енді қажетті препараттарды  өз қаржысына сатып алып жатыр.

Қайрат НҰРЛЫБАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жергілікті бюджеттен  қаржы шығарып, өңдеу зиянкестерінің қатарында жоқ. Бұл тізбеде жоқ қазір. Ертеректе бұрынырақта болған. Қазір жоқ. Сол себепті көршілес облыста да осындай шыққанан кейін  жоғары министрлікке баяндап, осы мәселені қазір енді  тізбеге қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Әкім орынбасарының айтуынша,  көрші облыстан 2 арнайы техника алдырып, Индер және Махамбет аудандарында зардаптарды жою жұмыстары жүргізілуде.  Әрі егін шаруашалығына жұмсалған пестицидтардың 50 пайызы субсидияланатынын айтты. Ал шалғын көбелек құрты бұған бой бермесе, екі ауданда төтенше жағдай жариялануы мүмкін.

Б. Надірқызы