Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қарағанды облысында ірі қара малды бордақылайтын үлкен алаң ашылды

AstanaTV
05.07.2016ж. 20:00
2616
Қарағанды облысында ірі қара малды бордақылайтын үлкен алаң ашылды

Қарағанды облысында мал бордақылайтын үлкен ашық алаң ашылды. Абай ауданының Ақбастау ауылында салынған кешенде бір мезгілде 3 мың бас ірі қараны жемдеуге мүмкіндік бар. Аймақта бұрын болмаған ауқымды жоба өңірдегі ет экспортын дамытуға септігін тигізбек. Бұған дейін облыста мұндай орындар болмаған. Малшылар етті шетелге өткізу үшін, Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылына тасымалдап келген еді. Енді жергілікті өнім ішкі нарықтан өзге, Қытай, Ресей, Иран секілді шет елдерге бірден экспортталады. Жергілікті кәсіпкер салған кешеннің құны 400 млн теңгеден асады. Жобаға қажетті қаражаттың көбін «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы несие ретінде берген. Өткен жылдың күзінде құрылысы басталған алаң жұмыс істеуге әзір. Мұнда салмағы 150 келіден 320 келіге дейінгі ірі етті малдар қабылданып, бордақыланады. Айта кетейік, бұл жерге еркек мал ғана қабылданады. Оларды таза табиғи жем-шөппен қоректендіруді көздеп отыр. Нысанның ашылуы 60 тұрғынды жұмыспен қамтыды. 

Шагурашид Мамалинов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

Шөп, жем, силос, монокорм дегенді көптен бері ұмытып кеткенбіз. Сол барлығы керек. Онсыз мал жайдан-жай өспейді. Әрине, биыл Алла Тағала беріп тұр, далада шөп жақсы. Ары қарай бордақыланып, экспортқа шығару үшін өз стандарттары бар. Сол стандарттарға, талаптарға сай болмаса, біздің ет экспортқа болмайды.

Бордақылау алаңына әкелінген мал ветеринарлық тексеруден өтеді. Қажетті сынамалар алынып, қорытындысы шыққанша, бір ай карантинде тұрады. Толық тексерілген соң ғана семірген мал сойылады.

Саяхат Ыбышев, Қарағанды облысы  "Сарыарқа агроөндірістік холдингі" ЖШС бас директоры:

Бүгінгі таңда осы шаруашылық откорм алаңында 3 ветеринар еңбек етеді. Біз алғашқы құжаттарына сәйкес және өзіміздің жеке мүддеміз үшін оның тағы да қанын алып, бруцеллез, сібір язвасы қазір шығып жатыр, әртүрлі ауруларға тексеріп өткіземіз.
 
Айжан ҚУАШ