$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккен үйлерге 127 млн теңге төленеді

AstanaTV
07.06.2022ж. 20:00
1359
Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккен үйлерге 127 млн теңге төленеді

Көктемгі тасқын кезінде үйлері суға кеткен ақтөбеліктер әкімдік белгілеген өтемақы мөлшерімен келіспейді. Олар бұл қаражат  баспананың іргетасын қалауға да жетпейді дейді. Ал, қала әкімі өтемақы бағалау компаниясының есебіне сай жасалатынын айтады. Тараптарды тілшіміз Гүлвира Сейтенова тыңдады.

Жетпісбай Дошаевтың үйін көктемгі тасқын кезінде су шайып кеткен. Содан бері екі ай өтсе де, көпбалалы отбасы шаңыраққа оралған жоқ. 8 жан әлі әкімдік жатақханасының аядай бөлмесін паналап отыр.  Себебі, үйіміз тұруға жарамсыз дейді отағасы. Әкімдіктегілер Дошаевтарға үйді жөндеп алыңдар деп 139 мың теңге өтемақы есептеп берген. Ал, бұлар биліктен төрт бөлмелі пәтер сұрап отыр.       

Жетпісбай ДОШАЕВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үй пайдаға аспайды, ол жерде үй саламыз деп ойламаймыз. Біз енді әкімдік этаждан болса да, үй берсе деп ойлаймыз.


Ақбота Оразова да бес баласымен осы жатақханада күнелтіп отыр. Оның айтуынша, 5 күн судың ортасында тұрған үйі  қирап қалған. Қайта салу  үшін қыруар қаржы керек. Әкімдіктің өтемақысы көңіл көншітпейді дейді.  

Ақбота ОРАЗОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

71 шаршы метр менің үйім, соған шығып тұрғаны 1 миллион 186 мың теңге. Ол даже фундамент құюға жетпейді. Нақты айтылды: жер де берілмейді, үй де берілмейді. Енді лаж жоқ аламыз, ертең оны алмасақ, одан да құр қаламыз.


Қала әкімі Асхат Шахаров тасқыннан зардап шеккендер келіссін, келіспесін өтемақы бағалау компаниясының есебі бойынша төленеді деді. Қызыл судан бүлінген 142 үй тізімге алынған. Өтемақы мөлшері -әр түрлі. 100 мың теңгеден 3 миллион теңгеге дейін. Бұған бюджеттен 127 миллион теңге бөлінген.

Асхат ШАХАРОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:


22 үйдің құжаты мүлдем жоқ. Сондықтан, оларға өтемақы төлеуге негіз жоқ. Бірақ, біз олармен кездесіп, құжатты дайындап болғаннан кейін бағалаушы компания қайтадан жұмысын бастайды. Соған байланысты бюджеттен тыс көмек беретін боламыз.


Өтемақы келесі аптада үй иелерінің есеп шотына  аударылады. Ал, бүлінген тұрмыстық техника мен жиһаздың шығыны өтелмейді деді қала әкімі.

Г. Сейтенова