Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ауыл маңындағы алақандай жер тозып, жылдан жылға құнары азайып барады

AstanaTV
07.06.2022ж. 20:00
1745
Ауыл маңындағы алақандай жер тозып, жылдан жылға құнары азайып барады

Аманаттықтар жайылым  мәселесіне байланысты Қарағанды облысы Нұра ауданының  жұртшылығымен кездесті.  Халықтың сөзін тыңдап, оны шешу жолдарын талқылады. Толығырақ тілшіміз Серік Селеубайұлы айтады.

Қарағанды облысы, Нұра ауданына қарайтын 25 ауылдық округтің жетеуінде ғана жайылым жайы  шешілген. Қалғандары  қорадағы малын алысқа ұзатып шығара алмай отыр.  Ал ауыл маңындағы алақандай жер тозып, жылдан жылға құнары азайып барады.

Зарлық МАҚСҰТОВ, ҚАРА ОЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауылда тұрған соң адам немен күн көреді? Негізі, малмен, шаруашылығымен. Міне сол малды ұстауын ұстайды ғой. Бірақ соған жайылым деген жоқ. Бірақ ауылдың маңайында егістік жерлер толып жатыр. Бұрын беріліп қойған ғой меншікке, 49 жылға.  

Амантай ҚОПАНОВ, ЖАРАСБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Енді олармен қырылыса алмайсың ғой. Заңмен бекітіп алған жерлерін. Бірақ өздері, шынымды айтсам, қолданып жатқан жоқ қой сол жерлерді. Не бізге бермейді, не өздері қолданбайды.

Аудандағы қосалқы шаруашылықтарда  75 мыңдай мал бар.   Оларға 641 мың гектар жайылым керек. Алайда ауылдық округтердің иелігінде бар болғаны 380 мың гектар жер қалған. Жекенің меншігіндегі  аумақтарға кірген түліктің  иесі айыппұл арқалайды.  

Аманғали БЕРДАЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Шаруа қожалықтарының малдары мына қосалқы шаруашылықтардың малдарын бағатын жерге кіріп кетеді. Оған әкімшілік жаза жоқ. Біз оны да енгізуіміз керек. Себебі қазір біржақты болып тұр. Шаруа қожалықтарға шара қабылдамай тұрмыз да, қосымша шаруашылықтарға қабылдап тұрмыз.


Жайылым туралы заңда   малды ауылдан алысқа апарып бағу керегі айтылған. Алайда әкімдік балансындағы жайлауларда не жарық, не су жоқ. Ал округ бюджетінде  құдық қазып, қора салуға қаражат қарастырылмаған.

Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Ауылдың әкімдерін нақты құзіреттермен қамтамасыз ету. Себебі деградация, обводнение, тағы басқа мәселелер бар. Оған қазір ауылдың әкімінің құзіреті жетпей отыр. Оның функциясында жоқ, функциясында болса оның бюджеттік бағдарламасы жоқ. Осы мәселенің барлығы өзін-өзі басқару заңына байланысты өзгерістер енгізілетін болады. Оған аманат партиясы өзінің ұсынымдарын дайындап жатыр.  

"AMANAT" партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтың айтуынша, бұл мәселені шешу үшін біраз уақыт керек.   Дәл қазір  кәсіпкерлер бос тұрған жерлерін халықтың қолдануына рұқсат беру жайы қарастырылуда.   Қожалық иелері оған қарсы емес көрінеді. Партия өкілдері келесі апта халықпен тағы да кездесіп, қабылданған шешімдер мен  нәтижелер бойынша есеп береді.

А. Кемелжан