$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақмола облысында ауыл тұрғындары шыбын-шіркейге талануда

AstanaTV
08.06.2022ж. 20:00
1171
Ақмола облысында ауыл тұрғындары шыбын-шіркейге талануда

Ақмола облысында ауыл тұрғындары шыбын-шіркейге таланып, шарасыз отыр. Қаптаған жәндік адамдарды ғана емес, тіршілік біткенді тұқыртып, мазасын қашыратын көрінеді.  Жаз басталса әбігерге түсіп, шіркеймен алысып әлек болатын халық жергілікті биліктен күдер үзген.  Басшылар дезинфекцияға қажетті қаражат ауылдық округтің жылдық бюджетінен асып түседі. Сондықтан қолдан келер қайран жоқ дейді. Тақырыпты тұрғындардың шағымын тыңдап келген тілшіміз толықтырады.

Қорғалжындықтар бірнеше жылдан бері шыбын-шіркейдің шамадан тыс көптігін айтып, шағымданып келеді. Ауыл тұрғыны Олег Трофимов қазір тіпті күн ысығалы далаға шығудан қалдық деп отыр. Себебі ыстықта зиянкестер де көбеяді екен. Бағбан бау-бақша егіп, оның күтімін де жасай алмайтын болдық деп ашынады. Қолға ұстаған азын-аулақ үй құстарының да жаз болса мазасы қашатын көрінеді.
 
Олег ТРОФИМОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

10-15 жыл болды бұл біздің қасіретімізге айналды. Міне, бір жарым-екі ай болды әлі арпалысып келеміз. Тауықтар тормен жабылған, бірақ олар одан да өтіп кетеді. Балапандарды талағанда олар шыдамай  әрлі берлі жүгіреді.

Жергілікті жұрт жылдағы жағдайға қанық. Шыбын-шіркейдің сырын біліп те қалған. Ал өзге өңірден келіп, ауылда жұмыс істеп жатқан жол жөндеушілер бұл адам төзгісіз деп отыр.
 
Бақтияр МАДУМАРОВ, ЖҰМЫСШЫ:

Балалар бәрі шағады деп шағымданады. Бүкіл денелерін шағып тастайды. Шыдау мүмкін емес. Мұны улау керек!


Алайда жергілікті билік дизенфекция жұмыстарын жүргізуді жағдайымыз көтермейді деп ақталды. Ауыл әкімінің сөзінше бір жыл бұрын елордадағы агротехникалық университеттің ғылыми тобы ауылдық округ аумағында үлкен зерттеу жүргізген. Нәтижесінде  ғалымдар осы аймақтың барлық ерекшеліктерін ескере отырып, қан сорғыштарға қарсы күрес бойынша ұсыныстар дайындапты.

Людмила ЛИДЕР, С. СЕЙФУЛЛИН АТЫНДАҒЫ ҚАЗАТУ ДОЦЕНТІ, ВЕТЕРИНАРИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:


Қорғалжын қорық аумағында орналасқан. Мұнда химиялық препараттармен өңдеу жұмыстарын жүргізуге болмайды. Біз микробтық мәдениетке негізделген препараттарды ұсындық. Мұны жүйелі түрде жасау керек-жыл ішінде үш мәрте. Содан кейін келесі жылы оны қайталау керек. Саны азаяды, бірақ бұл 100% нәтиже береді деп айту қиын.
 
Аталған шараларды орындауға шамамен 60 миллион теңгеден астам қаржы керек. Ал ауылдың жылдық бюджеті 55 миллионнан аспайды. Сондықтан құзырлылар қолдан келер бар шара күту ғана дейді.
 
Бауыржан БАЙҚАДАМОВ, АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМІ:

Бұл сібір гнусы деп аталады. Бізге ғалымдардың түсіндіруі бойынша бұл су арқылы келген. Нұрадағы судың деңгейі көтерілген кезде бұл да көбейеді. Нұрада су деңгейі азайса бұл дазаяды. Бір айдың шамасында тұрады бұл. Июльдің басында кетеді өзінен өзі.

Сөзіне сенсек жыл санап шыбын-шіркей азайып,  жағдай оңалып келеді дейді ауыл әкімі. Десе де қорғалжындықтар шыдымдылық танытып, күтуден басқа амалы жоқ дегенге көндіккісі келмейді.  

Ә. Бердібеков