$498.34 €519.72 ₽4.85
×

500-ден астам ауыл әкімі «AMANAT» Саяси менеджмент академиясында оқуды бастады

AstanaTV
15.06.2022ж. 20:00
1809
500-ден астам ауыл әкімі «AMANAT» Саяси менеджмент академиясында оқуды бастады

«AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясы ауыл және ауылдық округ әкімдерін оқыту бағдарламасын бастады. 500-ден астам ауыл әкімі халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласындағы біліктілігін жетілдіру курстарынан өтіп жатыр.

500-ден астам әкімнің басын біріктірген семинарға «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов бейнеконференция байланысы арқылы қосылды. Атқарушы хатшы, партияның әсіресе ауылдық жерлерде табысты арттыру мәселесіне ерекше назар аударатынын айтты.

Асхат ОРАЛОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:
 
«AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауылды елдімекендерінің әкімдерінің оқыту бағдарламасын әзірледі. Осы аптадан бастап пилоттық түрде Қазақстанның 3 аймағында 204 ауылды елдімекендердің сайланған әкімдердің оқыту процессін бастадық. Ең алдымен мақсатымыз оқыту процессін үйлестіру емес олардың тәжірибесін, құзіреттілігін арттыру мақсатында жасалып жатқан қадамдар.

 
Ақтөбенің аудан, ауыл әкімдері де өздері басшылық ететін елді мекендерді маркетингтік скринингтен өткізетін болады. Ол ауыл экономикасының дамуына қажетті бағыттарды анықтау үшін керек. Ал скринингі қалай жасалатынын әкімдер үш күндік семинар-тренингте үйренбек.
 
Сәкен ҚҰБАЙДУЛЛИН, ТРЕНЕР:

Семинардан кейін осы ауыл әкімдері, қала әкімдері өздерінің ауылдарында, я қалаларында скрининг жасау арқылы толық маркетингтік зерттеу жүргізе алуды үйренеді және ол алынған ақпаратты толық талдай алатын болады және талдау арқылы ауылдағы, аудандағы, қаладағы перспективалы нишаларды, яғни тауашаларды анықтап, оларға есеп-қисабын жүргізіп, бизнес-жобаларын даярлай алатындай деңгейге жетеді.
 

Әкімдердің білімін жетілдіру арқылы  ауыл халқының табысын арттырамыз дейді семинарды өткізушілер. Оқу практикалық сабақтармен ұштастырылған. Яғни, семинарға қатысушылар алған білімін - малға азық дайындау, етті, сүтті ірі қара мал өсіру, сұлулық салоны, тігін шеберханасы секілді шағын кәсіп мысалында пысықтайды.
 
Медет БЕКЖАНОВ, МӘРТӨК АУДАНЫ, ТӘҢІРБЕРГЕН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Семинар бойынша өзімізге бірнеше түйіндеме алдық, яғни мониторингтік талдау жасау, ауыл ішіндегі жеке кәсіпкерлерді қолдау және олардың бизнес-жоспарын дамыту бойынша көмектесуге бірнеше ақпарат игердік.
 
Айбек БЕЙБІТОВ, ҚОБДА АУДАНЫ, БЕСТАУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Осы семинар-тренингтің бір бізге ұнағаны – бұл біздің жұмыс барысында практикада пайдаланып жүрген жұмысымызды және өз ұсыныстарымызды жоғарыға ұсынуға мүмкіндік алдық Зум-жиналыс арқылы.
 
Көмекбай БЕКТҰРҒАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ МҰҒАЛЖАР АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Қалайда ауылдық жерде шағын бизнесті дамыту, қандай түрлерін жақсы дамытуға болады, сол бизнес-жоспарды ауыл әкімінің көмегімен кез келген тұрғын қалай құра алады? Ол туралы халықты жұмыспен қамту орталығына немесе Атамекенге бармай-ақ ауылдың әкімі осы арада жақсылап оқып үйреніп алса, өзі де жұмыс жасауға ынтасы бар халыққа істей алады деп ойлаймын.

 
Семинарға қатысушылар алған білімдерінің жемісті болатынына сенеді. Кәсіпкерлікті дамыту дағдыларын меңгеріп, ауылда келешегі жобалар болады дейді.   

Ғабит АМАНЖОЛОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ, ШИЕЛІ КЕНТІНІҢ ӘКІМІ:

Халықтың жағдайын көтеру үшін әрбір азамат тағыда қайта оқып, әрбір ауыл әкім елге барып сол ауылдың тұрмыстық жағдайын, ахуалын көтеру үшін осындай бізге көмек ретінде оқу ұйымдастырылды. Өте орынды. Біраз тиісті мағұлматтар алдық.
 
13-ші мен 22-ші  маусым аралығында Ақмола, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының 535 ауыл әкімі оқыту семинарына қатысып жатыр. Жыл соңына дейін еліміз бойынша екі мыңнан астам ауыл әкімі мен партия аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларын оқыту жоспарлануда.

Ә. Лесбек