Бүгін Брент маркалы
мұнайдың баррелі 45 долларға жетті. Осылайша, қаңтармен салыстырғанда, қара алтын
құны 50 пайызға көтерілді. Мұнай бағасының қымбаттауынан бүгін теңге де
нығайып, валюта бағамы 333 теңгені құрады. Мамандардың айтуынша, мұнай бағасы
17 сәуірде өтетін ОПЕК елдерінің жоспарлы кездесуіне орай қымбаттап отыр.
Қара алтын құны Ресей мен Сауд Арабиясының өндіріс көлемін тежеу туралы
келісімі жағдайында тағы күй жинауы мүмкін. Екі елдің ақыры бір шешімге келгені
туралы Лента.ру басылымы сенімді ақпарат көзіне сілтеме жасап жазды. Ресми
Эр-Рияд бұған дейін мәлімдегендей, Иранның шешіміне қарамай, Саудия ханзадасы
Мухаммад ибн Салман бірінші сәуірде, Тегеран өндірісті кеміткен жағдайда ғана, Ресейдің ұсынысын қолдаймыз деп мәлімдеген-ді. Айта кетейік, мұнай өндіруші
елдер қара алтын өндірісін шектеу туралы жиын өткізбек. Оған Қазақстан да
қатысады.