Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Биыл күйші Әбдімомын Желдібаевтың 85 жылдық мерейтойы аталып өтілуде

AstanaTV
20.06.2022ж. 20:00
2104
Биыл күйші Әбдімомын Желдібаевтың 85 жылдық мерейтойы аталып өтілуде

Абыз күйші Әбдімомын Желдібаев - 85 жаста.  Осыған орай Елорда төрінде «Күмбірле күйім – елімде» атты мерекелік кеш өтті. Шараға қатысқан қазақ оркестрі мен орындаушылар дара тұлғаның шығармашылығынан сыр шертіп, күйлерін орындады. Күмбірлі саз көрініс тапқан кеш туралы тілшіміз баяндайды.

Әбдімомын Желдібаев - қазақ қыздарының тұтас бейнесін суреттейтін танымал «Ерке сылқым» күйінің авторы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері.  70-тен аса шығарманы дүниеге алып келген біртуар азамат. Композитордың ұрпақтары дәулескер күйші «әулеттің ғана емес, бүкіл халықтың маңдайына біткен ұл» - дейді.
 
Меруерт ЖЕЛДІБАЕВА, Ә.ЖЕЛДІБАЕВТЫҢ НЕМЕРЕСІ:

Ол кісі халықтың кісісі, халықтың ерке азаматы, қайраткері. Жазғы каникулға барған кезде ауылға таңертең домбыраның үнімен оянатынбыз. Бір қолында қара домбырасы, алдында нотасы. Сол бір сәт күй шығаратын... Ол кісі таңмен таласып күй шығаратын.

Концертте күйшінің 20-дан аса туындысы орындалды. Олардың қатарында «Жетісу сазы», «Өмір дастан», «Шырайлым», «Көк шолақ» және «Қызыл гүлім қызғалдағым»  шығармалары бар. Күмбірлі күй тыңдаған кеш қонақтары болмысы бөлек қайраткердің тарихты күймен тәпсірлеп келе жатқанына ерекше тоқталды.

Мұхаметқали САРЫБЕКОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Бұл тек қана концерт емес, Бұл ағамыздың мынау 85-ке келгенге дейін мынау халықтың алдында беріп жатқан өзінің бір есептік, шығармашылық кеші деп қабылдауымыз керек.

Шараға жиналған халық кеш соңында  «абыз күйшінің әуез ұялаған жүрегі аман болса әлі талай кесек туындыларды сыйлайтынына сенеміз» деп тарқасты.

А. Задабек