Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Мәжіліс депутаттары ауыл шаруашылық министріне шүйлікті

AstanaTV
29.06.2022ж. 20:00
937
Мәжіліс депутаттары ауыл шаруашылық министріне шүйлікті

Өңірде шаруашылықпен айналысып отырғандарға ыңғайлы жағдай жоқ. Не су жоқ, не өнім жоқ. Үкімет қабылдаған шешім, мәселені одан сайын ушықтырып отыр. Бүгін мәжілісмендер ауыл шаруашылық министрін сынға алды. Тіпті министрліктің саясатын сауатсыз деп санайды. Өйткені өзімізде барды ұқсата алмай отырмыз деді. Мәжілістен оралған тілшіміз Ақбота Базарбайдың бейметариалы.

Ауыл шаруашылық министрінің депутаттар алдындағы бір күні, ғасырдан да ұзақ күнге айналды. Министрліктің минустарын жіпке тізген депутаттар халықтың көкейінде жүрген мәселенің бәрін қозғады. Алайда, көктемнен бері тапшылыққа айналған қанттың дүкендегі бағасын министр білмейтін болып шықты.  

Бір кезде елде 80 мың гектарға жуық қант қызылшасының алқаптары болған. Ал қазір барлығы 12 мың гектар алқап қалған. Министр қант қызылшасын өсіру оңай шаруа емес деп ақталды.

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Қант қызылшасын шығарып, өсіру деген оңай зат емес. Біріншіден ол көп материалдық ресурс құндылықтарды талап етеді. Сол себептен біз осы жылдың басында мен осы екі өңірге барған кезімде қант зауыттарының иелерімен, қызылша өсіретін өсімдік шаруашылықтарының өкілдерімен кездесіп, қант қызылшасын сатып алу бағасын көтеру мәселесіне қол жеткіздік.

Депутаттар алдында сүрініп кетпеуге тырысқан министр, бәрі-бір сын мен сауалдың астында қалды.

БЛИЦ:

- Мына елді мекендерде қосалқы шаруашылықтарды реттейтін тәртіпті алып тастадыңыз сіз. Ол дұрыс емес. Ол шешпейді жаңағы айтып отырған мәселені.

- Мына қазақта барыңнан жоғың деген сөз бар. Адам түңілген кезде айтады ондай сөзді. Сол шаруалар сіздерге барыңнан жоғың деп жатыр.

- Не су жоқ қазір, не өнім жоқ. Енді қымбатшылық содан кейін болады да.


Ауылшаруашылық министрлігінің саясатын сауатсыз санаған депутаттар жалпы Үкімет жұмысына да көңілдері толмайтынын жасырмады. Сондықтан министрлерді де ел аралауға шақырды.  

Жанарбек ӘШІМЖАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Ауылшаруашылық бола ма, білімге қатысты бола ма, денсаулыққа қатысты бола ма, ұлттық жоспарлау министрлігі қаржы бөлетін бірге жүріңіздер елге. Ол депутаттардың ғана міндеті емес қой. Біз жинақтап бүкіл проблеманы Үкіметтің алдына қойып жатырмыз. Қаншама мәселе бар. Орындалып жатқан жоқ.

Мал бағып, өнім берем деген шаруаларда жайылым жер жоқ. Тіпті министр алып тастаған нормалардан кейін, екі қабатты үйдің бір қабатын қора жасап,100 деген мал бағып отырған шаруалар бар. Ал оларды қадағалайтын ешкім жоқ.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Егістік жерлер үшін де тұқым тапшы. Кем-кетікті қарша боратқан депутаттар, сонша мәселенің шешімі күзге дейін шешіліп кетуі екі талай екенін іштей сезеді. Себебі, министр мәселелерді шешетін ресурс та, қаржы да жеткіліксіз деді.

А. Базарбай