$498.34 €519.72 ₽4.85
×

БҚО-да 1,4 млн гектар жер пайдаланылмай бос жатыр

AstanaTV
04.07.2022ж. 20:00
1447
БҚО-да 1,4 млн гектар жер пайдаланылмай бос жатыр

Батыс Қазақстан облысында 1 млн 400 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы жері пайдаланылмай бос жатыр. Бұл туралы «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында айтылды. Былтырдан бері 83 қожалықтың өз жерін игермегені анықталған. Кейін жергілікті құзырлы органдардың араласуымен  соның 220 мың гектары мемлекетке қайтарылған. Бірақ, бұл -мардымсыз көрсеткіш. Өйткені жарияланған мораторийдің кесірінен жеке қожалықтың жерін тексеру мүмкін емес. Сондықтан осы шектеуді заң жүзінде алып тастау қажет, дейді құзырлы орган өкілдері. Қазір бос жатқан алқап тек ақпараттық жүйелердегі мәліметтер арқылы анықталып отыр. Айласын асырған пысықтар мұны да айналып өтудің амалын тапқан.
 
Ғалымбек МҰХИТОВ, ЖАҢАҚАЛА АУДАНЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:

23 қожалық малды тіркеп қойды, қолданып жатыр деген мәліметін алып отырмыз. Алайда қазіргі уақытта ол жерге барып нақты қарасақ, ол жер қалай бос жатты – тап солай бос жатыр. Малды біреуден сатып алдым дейді де, тек ИСЖ базасына тіркеп қояды. Ауыл шаруашылық жерлеріне қатысты тексерулерді алып тастау керек. Себебі ең кедергі болып отырғаны – тексеру жүргізу мүмкіншілігі жоқ.


Пайдаланылмай бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтару бойынша Жаңақала ауданы көш бастап тұр. Бұл елді мекенде жарты жылдың ішінде 20 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Енді барлық аудандағы партия филиалдарының төрағалары бастамашыл топ құрып, жұмыс нәтижесін облыстық қоғамдық кеңеске ұсынады. Бұдан кейін ұсыныстар жинақталып, партияның Орталық аппаратына және ҚР Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының фракциясына жолданады.

Бауыржан АТАУОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ БҚОФ ЖАНЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ:

 
Жаңақала ауданының азаматтары жұмыс тобын құрып, жұмыстар атқарған екен. Соның нәтижесінде жарты жылға уақыттың ішінде 20 мың гектарға жуық жер мемлекеттің меншігіне, яғни, балансына кері қайтарылған. Осы жұмысты жүргізу барысында қиындықтар болса, заңның шеңберінде оны да біз жоғарыдағы «AMANAT» партиясынан сайланған депутаттарымызбен байланыс орнатып, жолын ашу, кеңейту бағытында жұмыстар атқарамыз.

Е. Карин