Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Алакөлдегі өрттен 7 адам зардап шекті

AstanaTV
05.07.2022ж. 20:00
1798
Алакөлдегі өрттен 7 адам зардап шекті

Алакөлдегі өрттен 7 адам зардап шекті.  4 демалыс базасына  қарасты 17 ғимарат жанып кетті.  Алапат өртті түні бойы өрт сөндірушілер, жергілікті тұрғындар мен туристер жабылып жүріп, 5 сағатта әрең сөндірген.   

Алакөл жағалауындағы өрт түнгі сағат 12 шамасында басталған.  Өрттен 4 демалыс орнындағы 17 ғимарат толығымен жанып кетті. Қызыл жалын 3 мың шаршы метр аумақты шарпыған.  

Наргиз СЫЗДЫҚОВА, КУӘГЕР:


Дүрбелең басталды, біз бәріміз уайымдадық. Барлық жерде Өрт сөндіру машиналары жүрді.  Көмек бере алатын ер адамдар, менің ағам, атам, бауырларым, бәрі сол жерге өртті сөндіруге жүгірді.  Өте қорқынышты болды.

Ағаш құрылыстар мен қатты  жел өртті сөндіру кезінде қиындықтар туғызды дейді мамандар.  Құрғақ шөп тез жанып, көрші базаларға да қауіп төнген.   

Қымбат КӨПБАЕВ, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ТЖ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:


Өртте 30-дан астам техника мен жеке құрамның 200-ге жуық адамы жұмылдырылды. Сондай-ақ, сөндіруге Алакөл көлінің тұрғындары мен демалушылары белсенді қатысты.

7 адам жарақат алған, қазір олар медициналық көмек алуда. Ауруханаға жатудан бас тартқан. Өртеніп кеткен базалардағы туристер көрші демалыс үйлеріне орналастырылды.  

Ақтілек БАЙБАЗАРОВ, КӘСІПКЕР:


Өрт кезінде зардап шеккендерге көмектесу үшін кәсіпкерлер арасында бастамашыл топ құрылуда. Біз демалғысы келетін барлық туристерді, осы базалардың клиенттерін өзімізде орналастырғымыз келеді.

Әлеуметтік желіде бұл қазір қызу талқылануда.  «Демалушылар өртті толық өздері өшірді», "өрт сөндірушілер келмеді" деген ақпарат тарады. Бірақ, бұл негізсіз дейді құзырлылар.

Талғат УӘЛИ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Бірінші кезекте біздің уақытша өрт сөндіру бекеттері жұмысқа кірісті. Дегенмен ол жерлерде демалушылар көмектесті. Өздерінің, балаларының қауіпсіздігі үшін қолұшын созды. Бірақ қызыл жалынды толығымен демалушылар ауыздықтады деген шындыққа жанаспайды. Алайда, шет қалмай көмектескен демалушыларға алғыс айтамыз.

Қазір өңірде арнайы комиссия құрылып, шығын есептеліп жатыр. Өрттің салдарын жою жұмыстары жүргізілуде.  Төтенше жағдай кезінде  құжаты мен мүлкі жанып кеткен демалушылар арнайы органдарға арыз жазу арқылы шығынын өндіріп ала алады.

Ә. Дүкембаева