Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«AMANAT» партиясының жастар қанаты «Жастар Рухы» болып өзгерді

AstanaTV
12.07.2022ж. 20:00
2302
«AMANAT» партиясының жастар қанаты «Жастар Рухы» болып өзгерді

«AMANAT» партиясы жастар қанатының атауы «Жастар Рухы» болып өзгерді. Мұндай шешім ұйымның кезектен тыс VI Съезінде қабылданды. Съезд барысында жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы бекітіліп, Орталық кеңестің құрамы өзгерді.

Ақмола облысының Зеренді ауылында өтіп жатқан съезге көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар,  болашаққа бағдары айқын жастар жиналған. Еліміздің түкпір-түкпірінен 350-ден астам делегат пен қонақ қатысты.  

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 
Жаңа Қазақстан ол жастарымыздың болашағына арналған Қазақстан. Енді бұл реформалардың барлығының мәні неде? Сіздердің әрқайсыларыңыздың саяси өмірге, бизнеске, өмірдің маңызды-маңызды салаларына араласуына тең мүмкіндік беру. Бір сөзбен айтқанда, сіздер жастар әділетті, ашық қоғамы бар қуатты Қазақстанда өмір сүру керек. Президенттің бастамасымен жаңа айтылған осы реформалар Конституциямызға енгізілді, заңдастырылды бүгінгі күнде. Ендігі кезекте осы реформаларды іске асыруда алдыңғы қатарда жастар, яғни сіздердің блуларыңыз өте маңызды.


Әлем ғылыми-техникалық жетістіктердің екпінімен жедел өзгеруде.  Бәсекелестіктің бәсі қызған шақта жас буынның белсендігі аса қажет. Жастар-  ел ертеңі, болашағы. Ұйымның «ЖАСТАР РУХЫ» болып өзгеруі туралы ұсынысты жиналғандар бір ауыздан  қолдады.  

Дәулет МҰҚАЕВ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Біздің "Жас Отанның" да аты "ЖАСТАР РУХЫ"  деп өзгеріп отырғанынан өте қуаныштымын. Себебі мынау арманы айқын, мақсаты айқын, рухы биік жастарымыз көп болсын. "Мен бұл елге не істеп жатырмын, не бере аламын?" деген  әрбір азаматтың артында миссия болатын болса  сол адам өзінің миссясын табатынына мен кәміл сенемін.

Солтүстік Қазақстан облысы Озерное ауылы мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Асыл Ахметова әлеуметтік желі арқылы көпке жақсы таныс. Ол атбегілікпен айналысады. Жылқы баптайды, жастарды қазақтың қанына біткен спорт түріне баулиды. Асыл Ахметова көшпенділер мұрасы мен түркі әлемінің құндылықтарын дәріптеудің маңызы зор дейді.  

АСЫЛ АХМЕТОВА, СЪЕЗГЕ ҚАТЫСУШЫ:

Алғашқы ұсынысым түркі әлемінің кинезисі атқа міну мәдениетін жаппай насихаттау. 40-қа жуық спорт түрлері ішінен ат спортына басымдық беретін жоба биыл Түркия елінде өткізілмек. 2024 жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қазақ даласында ұйымдастыруды ұсынамын.  


Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев еліміздің саяси жүйесінің трансформациясы «AMANAT» партиясының трансформациясынан басталғанын атап өтті.  Біз жастар мен билік арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді арнасына айналғымыз келеді деді ол.  Барлық өңірден келіп түскен ұсыныстар негізінде қайта жандандыру бағдарламасы әзірленген.   

Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


Біз қоғамның қажеттілігіне және сұранысына қарапайым халықтың мүддесіне негізделген мәселелерге көшіп отырмыз. Нақты айтатын болсақ 105 000 азаматтың  басын қосқан "Аманат" партиясының жастар қанаты- еліміздегі ең ірі жастар ұйымы. Біздің 5-ші съезімізде жан-жақты қалыптасуына бағытталған 25-ші жылға дейінгі даму бағдарламасын қабылдадық.   Бағдарлама міндеттеріне қол жеткізу үшін 217  аймақтық жол карталары қабылданды.


VI кезектен тыс Съездің шешімімен жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданды. Алдағы міндеттер нақтыланды. Жастар проблемаларының аймақтық карталарын енгізу, дарынды жастар үшін жобалар жәрмеңкесін және басқа да іс-шараларды өткізу, жас көшбасшыларға арналған оқу бағдарламаларының тиімділігін арттыру көзделуде.

А. Шамшидин