$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Шұрық-тесік, сапасыз жол көрсеңіз фото, видеоға түсіріп, Adildik.kz сайтына жолдауға болады

AstanaTV
17.08.2022ж. 20:00
2228
Шұрық-тесік, сапасыз жол көрсеңіз фото, видеоға түсіріп, Adildik.kz сайтына жолдауға болады

Енді шұрық-тесігі шыққан, сапасыз салынған жол көрсеңіз фото, видеоға түсіріп, Adildik.kz сайтына жолдай аласыз. «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі тиісті мамандармен бірге оны тексеріп, жол салушы мекемелерді жауапқа тартады. Осыған дейін Алматы, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында заңсыздықтар  анықталған. Біреуіне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Биыл республика бойынша 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бірақ жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 процентіне мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалмаған. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында жол салуда жемқорлық фактісі көп екенін айтты. Соңғы 10 жылдағы жіберілген олқылықты мұқият тексеруді тапсырды.

Дидар СМАҒҰЛОВ, «ӘДІЛДІК ЖОЛЫ» РҚБ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Қызмет беруші әкімшілікке жол тапсырғанда 10 пайыз откат берді иа. Әкімшілік қабылдаған кезде бәрі жақсы, сол жол туралы ұмытты. Егер қазір айтса, айналайын жолға кепілдік бар ғой, істесейш мына жолды деп, ол айтады саған 10 пайызды не үшін бердім деп. Болды, тақырып жабық. Сондықтан кейбір әкімшіліктер бұл мәселені көтермейді.

Жемқорлық басты себеп болып тұр. Әйтпесе, әрбір салынған жолға кепілдік мерзім болады. Ақауы шықса, тиісті мердігер қалпына келтіруі тиіс. Бұл олқылықты түзетуге «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі білек сыбана іске кірісті. 15 -тамызда «Әділдікті талап ет!» науқаны басталды. Бір ай көлемінде жолға қатысты  шағымдарды жинайды, тиісті мекемелермен бірлесе тексереді.

Дархан ҚҰЛЖАМБЕКОВ, «ӘДІЛДІК ЖОЛЫ» РҚБ НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Осы бір бойы біз ақпарат жинаймыз. Біз білмейміз қандай ақпарат түсетінін. Азаматтар кез келген, көзі көрген белгілі болған бұзушылықтарды жібереді. Әрбірін саты-сатысына бөліп, іріктейміз. Президент автожол саласында үлкен реформаны тосып отыр.

Тұрғындар жолға қатысты шағымдарын 1463 колл орталыққа хабарласып айтуына болады, сондай-ақ,  Adildik.kz сайтына фото, видео жібере алады. Тіпті тексеріс жұмыстарына  қатысуға да мүмкіндік бар.  

Т. Әлжанов