$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ресей қайта Қазақстаннан ет өнімдерін импорттай бастады

AstanaTV
15.07.2016ж. 20:00
2279
Ресей қайта Қазақстаннан ет өнімдерін импорттай бастады

Қазақстанның ет өнімдері Ресейге экспорттала бастады. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында Ауыл шарауашылығы министрлігі өкілдері осындай ақпар жеткізді. Яғни «Россельхознадзор» 3 айға жарияланған шектеуді алып тастады.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасы Сақташ Хасенов мораторий пастереллез ауруына қатысты болатын дейді. Ал бүгіннен бастап сібір жарасына қарсы Қарағанды облысында жарияланған карантин де алынып отыр. Енді бұл аймақтан ет шығаруға рұқсат, тек қатаң тексерумен ғана. Мамандар қазір вакциналарды да жіті қадағалауға кірісіп кеткендерін айтты. Себебі сібір жарасының қатарынан 3 облыстан шығуына нашар екпенің де кесірі болуы мүмкін деген болжам бар. Әзірге ресми анықталған жоқ. Өйткені таяуда сібір жарасына қарсы тағы екпе науқаны басталуы тиіс.

Сақташ Хасенов, Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы:

Елімізде соңғы есеп бойынша, 6 млн 760 мың мал басы бар екен. Оның барлығына да вакцина салынған. Биыл 33 млн доза екпе сатып алдық. Жыл басында екпе жасалған. Енді күзгісі басталады. Ал сібір жарасы шыққан аймақтағы малдарға таяуда ғана екінші мәрте жасадық. Ендігі жұмыс сол вакциналардың сақталуы мен ауыл-ауылға жеткізу шарасын қадағалау. Тіпті екпе қабылдаған малдың иесінің құжатқа қойған қолы да тексерілетін болады.

Ал күйдіргі дертіне қарсы Павлодарда 3 мыңға жуық вакцина қолданылыпты. Мұны облыстық ветеринариялық бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Ауталипов хабарлады. Қазір Ертіс ауданына қарасты Ұзынсу ауылында республикалық эпидемиологиялық бөлім жұмыс істеп жатыр. Вирустың ошағы анықталып, мал басы мен 89 үйдің ауласы дезинфекциядан өткен. Айта кетсек, шілде басында сібір жарасын жұқтырған Ұзынсу ауылының 3 тұрғыны ауруханаға жеткізілген болатын.

Нұрлан Ауталипов, Павлодар облыстық ветеринариялық бақылау басқармасының жетекшісі:

Бізде республикадан 2725 вакцина әкелінді. Сібір жарасына қарсы. Оның бәрі егілді бүкіл малға. Оның алдында мына Ұзынсу округінде карантин қазір. Мал дәрігерлері вакцина жасағаннан кейін малдарды күнде қарап, бақылап отыр. 

Құралай ПИОНЕР