$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Бүгін барлық өңірде алғашқы қоңырау соғылды

AstanaTV
01.09.2022ж. 20:00
2037
Бүгін барлық өңірде алғашқы қоңырау соғылды

Бүгін еліміздің барлық өңірінде жаңа оқу жылы басталды. Биыл жалпы саны 3 миллион 600 мың оқушы білім алмақ.  Білек сыбана кіріскен ұстаздар мен оқушыларды қандай жаңашылдықтар күтіп тұр?  Тілшіміз айтып береді.

Бүгін кез келген көшеден қолдарына гүл ұстап, мектепке асыққан оқушыларды көруге болады. Ел аумағында 7 мың 600-ден аса мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылымен құттықтады. Министр өз сөзінде, мұғалімдер үшін биыл табысты жыл болатынына сенімді. Себебі, ұстаздар жалақысы қаңтар айынан бастап 25 процентке өспек.
 
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Барлықтарыңызды бүгінгі мереке – білім күнімен, жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл, әрине, барлығымыз үшін ерекше күн. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев осы білім беру саласын қолдау бойынша, осы біздің мұғалімдерді, ұстаздарды қолдау бойынша бірнеше рет тапсырма беріп, осы президенттің қолдауының арқасында өте үлкен, кешенді жұмыстар жүріп жатыр.

Елордадағы «Нұрорда» мектебі 15-інші оқу жылын бастады. 960 оқушы білім алатын ұя биыл 1-сыныпқа 80 баланы қабылдады.

Селман ШИМШЕК, NURORDA МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мектебіміз 4 тілде білім береді. Одан кейін құндылық негізінде білім беру жүйесін ұстанып келе жатқан системамыз бар. Яғни, білім мен тәрбие қатар жүретін мектептердің бірі деп айтуға болады. Соңғы жылдары олимпиада мен қаланың ең үздік олимпиадалық мектебі болып саналды  мектебіміз. Одан кейін осы жылы топ-100, әлемнің ең керемет университеттеріне 15 оқушы жібердік.

10 сынып оқушысы Әділбектің болашақтан күтері көп. Ол Халықаралық олимпиадалар мен түрлі конкурстарға қатысып, жүлде биігінен көрініп жүр. Оқушы  жаңа оқу жылы – жаңа жетістіктерге жетелейтініне сенімдімін дейді.

Әділбек МОЛДАБЕК, NURORDA МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ 10-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ:

Мен математикаға қатты қызығамын. О сы қызығушылығым мені бірнеше олимпиададан жетістікке әкелді. Осы жетістіктерімнің бірі – республикалық олимпиададан күміс медаль, Жаутықов халықаралық олимпиадасынан қола медаль.

Бүгін жер-жерде мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер үшін алғашқы қоңырау сыңғырлады. 400 мың бала алғаш рет партаға отырды. Қызылордадағы 101-інші мектеп-лицейі 230 баланы 1-ші сыныпқа қабылдады. Былтырғы оқу жылын жақсы жетістікпен аяқтаған білім ошағының түлектері 80 пайызы мемлекеттік грант жеңіп алған. Ұлттық бірыңғай тесттің қорытындысы бойынша аймақтағы ең жоғарғы 137 балл жинаған оқушы да осы мектептің түлегі.

Айгүл ӨТКЕЛБАЕВА, Ә.МҮСІЛІМҰЛЫ АТЫНДАҒЫ №101 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біздің мектебімізді бітірген оқушылардың ішінде 25 Елбасы медальінің иегері бітірді. Сонымен қатар халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми жобалардың жеңімпаздары бітірді. Биылғы жылға да қойған үлкен мақсаттар бар.

Айта кетейік, биыл орта білім беру саласында бірнеше жаңашылдық еніп отыр. Соның бірі орыс және ағылшын тілі 1 сыныптан емес 2 және 3 сыныптан бастап оқытылады. Яғни бала алдымен ана тілін меңгеруден бастайды. Сонымен қатар 3,5 млн оқушы 5 күндік оқу форматымен білім алады.

А. Задабек