Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Павлодар облысында оқушылар білім күнін мәдениет үйінде қарсы алды

AstanaTV
01.09.2022ж. 20:00
1166
Павлодар облысында оқушылар білім күнін мәдениет үйінде қарсы алды

Павлодар облысында оқушылар білім күнін мәдениет үйінде қарсы алды. Себебі, аймақта 10-ға жуық мектеп жаңа оқу жылына дайын емес. Бұған күрделі жөндеу жұмыстарының кешеуілдеуі себеп болған. Десе де, жергілікті билік 2 ғана мектеп дайын емес – деп есеп берген еді. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар анықтап көрді.

Бұл Ақсу қаласына қарасты Сарышығанақ ауылындағы алғашқы қоңырау мерекесі. Мектеп жаңа оқу жылына дайын емес. Сол себепті де салтанатты жиын далада өтті. Ал оқушыларға алғашқы сабақ мәдениет үйінде өткізілді.

Мектептің қазіргі көрінісі -осы.  Жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр.  Жоспар бойынша  қараша айында аяқталмақ. Алайда, білім бөлімінің басшысы уақытынан бұрын бітіреміз - деп уәде етті.  

Қайрат СМАҒҰЛОВ, АҚСУ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Сарышығанақ мектебінің ремонтын осы айдың аяғына дейін бітіреміз. Барлық күшімізді соған саламыз. Балалар мектепке кіреді де өз мектептерінде сабақтарын оқиды.

Бұл - Успенка ауданына қарасты Ольгинка орта мектебі. Білім ошағының іші тас талқан. Жұмыс істеп жатқан жұмысшылардың қарасы көрінбейді. Есесіне мұғалімдер мектепті жөндеу жұмыстарына өздері кірісіп кетіпті.

Жарқынбек ПАЗЫЛ, ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Жөндеу жұмыстары бітпей жатқандықтан, өзіміз парталарды тасып, қолқабыс етіп, мердігер компанияға көмектесіп жатырмыз. Енді ынғайсыздық тудырғанымен де осы алдағы уақытта бітеді деген, бітеді және қолданысқа беріледі деген ойдамыз.

Ал Белоусовка ауылындағы мектепте де күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жұмысты мердігерлер емес, аудан әкімінің орынбасары мен білім бөлімінің басшысы ұйымдастырып жүр.

Айнагүл ЖИРЕНОВА, УСПЕНКА АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Тапсырылуы 15 тамызда. Бірақ ешқандай құжат қойылған жоқ. Екі апта болды ұзартылды. Жұмыс ешқандай аяқталған жоқ. Қолданысқа берілу актісі болған жоқ. Сондықтан біз әрине оны сотқа береміз.

Ата-аналар да мектептегі құрылыс толық аяқталмағанына наразы. Олар мектепке балаларын жібермейтінін айтты.

Күнболат ЗАУЫТҰЛЫ, БЕЛОУСОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өйткені мектепте қазір істелініп жатқандардың бәрі химиялық заттар.Бұған ешкім жауап бере алмайды. Бірдеме түсіп кетеді, уланып қалуы мүмкін. Бұны білім басқару болсын, аудан әкімі болсын қадағалаған жоқ. Бүкіл мұғалімдер жұмыс істеп отыр.

Бұған дейін Павлодар облысының әкімі  аймақта екі ғана мектеп жаңа оқу жылына дайын емес - деген еді. Алайда, бұл сөзі шындыққа жанаспайтын секілді.

Әбілқайыр СҚАҚОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Екі мектеп ғана 1-қыркүйекке дайын емес. Бірақ, мәдениет үйінде оқиды бір ауылда. Айзада Амангелдіқызы, екіншісі қайда оқиды? Екеуі де мәдениет үйінде. Уақытша бір айға созылады.


Биыл аймақ бойынша  46 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Жұмыстың кешеуілдеуіне мемлекеттік сатып алу рәсімінің тым ұзаққа созылып кеткені себеп болыпты. Ал екінші бір себеп. Бір мердігер 10-нан аса мектепті жөндеуге алып, үлгере алмай қалған.

Ө. Қуанар