Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай «Алаш қайраткерлері» ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, студенттер мен Елорда тұрғындары қатысты.
Ахмет Байтұрсыновты ұрпақтары үлкен ризашылықпен еске алды. «Алаш қайраткерлеріне» арналған ескерткішке жиналғандар ұлы тұлғаның мәдениет пен білімге қосқан үлесін бағаламау мүмкін емес дейді.
Саясат НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
Қазіргі уақытта Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне мерейтойлық марка, мерейтойлық монеталар жасалып, айналымға енді. Үкімет тарапынан Ахмет Байтұрсынұлы төс белгісі жыл аяғына дейін әзірленетін болады. Ғылым саласы үшін тағы бір маңызды мәселе Қазақстан Республикасының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мемлекеттік сыйлығы тағайындалатын болады.
Іс-шара Еуразия ұлттық университетінде жалғасты. Онда маңызды датаға арналған ғылыми конференция өтті.
Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ:
Біз қазір Ахметтанушылардың жаңа буынын даярлауымыз қажет. Ахмет Байтұрсынұлына байланысты бірнеше ғылыми мекемелер тіл және білім институты, әдебиет және өнер институты, сонымен қатар Еуразия Ұлттық университеті көп томдықтарын дайындап жатыр.
Сондай-ақ, ұлы ғалымның туған күніне және тіл мерекесіне орай елордада түрлі іс-шаралар жоспарланған.
А. Базарбай