Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Қостанайдағы жағдай тұрақты - ТЖД Министрі

Қостанайдағы жағдай тұрақты - ТЖД Министрі

Қостанай облысында алапат өрт аумағынан эвакуацияланған халық біртіндеп ауылдарына қайта бастады. Әулиекөл ауданында орман өртін сөндіру аяқталып қалды. Жауаптылар ауылдарға қауіп жоқ, жағдай тұрақталып келеді деді. Орман маңындағы төрт ауылдың тұрғындары үйлеріне оралуда. Орман өрті Аманқарағай ауылында 85, Озерныйда 6 үйді жоқ қылды. Аймақтағы ахуал туралы тілшіміз баяндайды.

Аманқарағай ауылы. Өрт сөндірушілер ауылдың әр жерінде бықсып жатқан жерлерді сөндіріп жүр. Қауіп сейілді дегесін ауыл тұрғыны Гүлнар Ғабдуллина да өз үйіне келіп еді. Баспанасы өртеніп, төбесі қирап қалғанын көрді. Гүлнар өрт басталған кезде өзінің құжатын ғана алып шыққан. Үйдің қағазы жанып кетті дейді. Енді бар үміті - әкімдікте.

Гүлнар ҒАБДУЛЛИНА, АМАНҚАРАҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Үй салады деді. Потому что толығымен жанып кетті. Әкім айтқан, заявление жазу керек, үй болады деп. Қызым қалада тұрады, теміржолда жұмысы, мүмкін темір жолдан бірнәрсе болар.

Әулиекөл ауданында бүгін жаңбыр сіркіреп, ыстықтың беті қайтты. Бықсып жатқан жерлер болмаса, лапылдап жанып жатқан аумақ жоқ. Таңертең тікұшақпен барлау кезінде Бағаналы ауылынан Қазанбасыға қарай 2 шақырымдай жерде от байқалған. Озерное мен Аманқарағайдың мұнай базасына жақын маңында да шағын өрт ошақтары, кей жерде түтін көзге түскен. Ол аумақтарда өрт сөндіру жалғасып жатыр, деді төтенше жағдайлар қызметінің өкілі.  

Талғат УӘЛИ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Министр төрт тікұшақты сол жерге жұмылдырды, әуеден су шашу жұмыстары жүргізіледі. Менің ойымша ол жердегі өртті ауыздықтауға мүмкіндік бар. Күн ысып кетпей, жел үдеп кетпесе, шамамен 1-2 күн деп отырмыз, алдымен оқшаулау, одан кейін толығымен жою туралы хабарламаны айтатын боламыз.

Жедел штаб бүгін ормандағы өрттен зардап шеккендердің саны 11-ге жеткенін хабарлады. Олардың алтауы ауыл тұрғыны, орман шаруашылығының бір қызметкері, әкімдіктің маманы және төтенше жағдайлар министрлігінің үш қызметкері бар. Көшірілгендер ауылдарына қайтып жатыр. Әулиекөлдегі эвакуация орталығында қазір 60 шақты ғана адам қалған. Қостанай билігі жаңа үйлер салынатын жер де белгіленді. Ал,  құрылысқа қажетті қаражат республикалық бюджеттен бөлінуі тиіс. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қанша қаражат бөлінетінін білмейді. Әуелі табиғи апаттан келген шығын көлемі есептелетінін айтты.

Әулиекөл ауданындағы өрт кезінде 43 мың гектар орман жанып кетті. Табиғат пен адамға келген шығынды енді арнайы құрылған комиссия есептейді.

Г. Сейтенова